386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде қауіпті компьютерлік вирус жойылды

  • 671
  • UPD: 21:52, 05.01.2018

Елімізде ақпараттық қауіпсіздіктің әлі де әлсіздеу болып тұрғанының тағы бір дәлелі, жуырда қазақстандық сайттарға жаңа вирустық шабуыл жасалды.

Салдарынан мыңдаған қазақстандық күнделікті қолданып жүрген үш бірдей интернет-ресурс зардап шекті. Белгілі болғанындай, хакерлер бұл ақпарат порталын қолданушылардың жеке деректеріне қол жеткізіп, электронды ақша жасауды жоспарлапты. Қазір қауіп сейілді, дегенмен олқылықтың қайталанбайтынына кепіл жоқ.

Шабуыл жасалған компьютер арқылы криптовалютаға иелік етуге мүмкіндік беретін майнер вирусы қазақстандық үш бірдей сайтта анықталды. Олардың әр қайсысында мыңдаған қолданушы тіркелген. Мәселен, хакерлер қазақстандық бухгалтерлерге арналған «balans.kz» порталына еніп, ондағы есеп-қисаптар базасын өз мүдделері үшін пайдалануды көздеген.

Руслан Әбдіқалықов, ҚР ҚАҒӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары:

- Майнер вирустары толығымен жойылды. Қауіптің алдын алмағанда, бұл ақпарат ресурстарының жұмысы тоқтап қалатын еді. Дегенмен жағдай тұрақталды. Бұл өз кезегінде ғаламтор сайттары үшін үлкен сабақ болды. Олар мұндай қателік жібермеуі керек.

Бухгалтерлер порталынан бөлек, «kodeks.kz» және «urist.kz» сайттарының да қауіпсіздігі сыр берді. Бұл порталдарға жасалған киберсоққының салдарынан қолданушылар тарапынан алаңдаушылық туындады. Сондықтан мамандар компьютерді вирусқа қарсы бағдарламалармен қайта тексеріп алу қажеттігін алға тартып отыр. Жалпы хакерлік әрекеттерден барынша абай болу үшін белгілі браузерлерді қолданып, олардың мүмкіндігін үнемі кеңейтіп тұру шарт.

Татьяна Новикова, киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы:

- Егер бухгалтер осы сайт арқылы қандай да бір бағдарламалық қамту құралын жүктесе, оның компьютеріндегі барлық мәлімет алаяққа қолжетімді болады. Сөйтіп ол банк шоты, жеке құжаттар, фирма клиенттері, келісімшарттар және есеп-қисапқа жауапты мамандар жайлы деректер арқылы ойына келгенін жүзеге асыра алады.  

Осылайша қазақстандық ақпарат кеңістігіне жасалған кибершабуылға тосқауыл қойылды. Қауіптің алдын алуға арнайы мекеме мамандары ықпал етті. Атап айтқанда, ғаламтор сайттарының домендік атауларын пайдалану тоқтатылып, олқылықтардың орнын толтыру міндеті жүктелді. 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы