376,74 415,79 5,93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тілшілер маңғыстаулық құтқарушылардың жұмыс күні қалай өтетіндігін көрді

  • 736
  • UPD: 14:36, 01.03.2018

Маңғыстау облысында мұнай бұрғылау қондырғысын жөндеп жүрген жұмысшыға күн өтіп, есінен танып қалды.

Оқиға орнына шұғыл аттанған құтқарушылар жасағы мұнара басына жедел көтеріліп, қимылсыз жатқан адамды арқанға байлап жерге түсірді. Алғашқы медициналық көмек көрсеткен соң науқасты ауруханаға жеткізді. Бұл – осы өңірдегі кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі мамандары әзірлеген пресс-турдың сценарийі. Шараға қатысқан журналистер құтқарушылардың техникалық жарақтануымен танысып, оқыс жағдай кезінде әрекет ету шеберлігін бағалады.

Құтқарушылар діттеген жеріне жеткенше өндірістегі апат туралы қоңырау қабылдаған кезекшіден рация арқылы оқыс оқиғаның мән-жайын біліп барады. Яғни көліктен қажетті құрал-сайманын асынып, жылдам әрекет етуге дайын қалыпта түседі. Өйткені әр минут алтынмен пара-пар. Жалпы бұл жаттығуды орындау 15 минуттан аспауы керек.

Тұралы Көшербаев, құтқарушылар жасағының командирі:

- Адам ес-түссіз жатқанда 5 минуттан артық болмауы керек. Жүрегі тоқтап қалған жағдайда, ми клеткалары да өліп бастайды. Сол үшін біздің барынша жылдам жасағанымыз өзімізге де, жәбірленушіге жақсы.

Өңірлік құтқарушылар жасағында бас-аяғы 138 адам бар. Олардың 63-і өндірістік қауіпті нысандарда төтенше жағдайлармен күресуге машықтанған. Мамандар аймақтағы 70-ке жуық мұнай-газ өндіруші мекемемен келісімшарт жасасқан. Олардың бірінде оқыс жағдай бола қалса, шұғыл аттану үшін басшыдан бастап әр құтқарушының керек-жарағы сөмкеге салынып, дайын тұрады.

Құтқарушылар озық үлгідегі авариялық-құтқару құралдарымен жарақтанған. Мәселен, «Тепловизор» құралы түтін басқан қараңғы бөлме ішінен зардап шеккендерді іздеп табуға көмектеседі. Ал жылу түтін камерасына оттегі балонын арқалап кіріп, газ құбырының жарылған жерін бітейді. Жаттығуды аяқтаған мамандардың қан қысымы мен жүрек қағысын дәрігер өлшейді. Мұнан соң, әр маманның іс-әрекетіне баға беріледі.    

Маңғыстаулық құтқарушылардың кәсіби шеберлігі «Жылутүтін камерасы» тренажерлік кешенінде шыңдалады. Жаттығу талабы бойынша 3 адамнан құралған құтқару жасағы қою түтінге көмілген кешенге кіріп, 11 минут ішінде салмағы 70 келілік манекенді сыртқа алып шығуы керек.

Сәкен Аманжолов, құтқару жасағының инженері:

- Біздің қызметіміз жауапты әрі қатерлі. Биік мұнараларға өрмелеп, ашық газ және мұнай атқыламаларын жоюға, жол апатынан соң көлік қаңқасына қысылып қалған адамдарды құтқаруға баратын маманның жүйкесі берік, қолы қайратты болуы керек. Бұл қасиеттер тұрақты оқу-жаттығулардан соң келеді.  

Өңірдің құтқару қызметінің меншігінде кез келген күрделіліктегі төтенше жағдайлардың бетін қайтаруға арналған 400-ге жуық құрал-сайман бар. Сондай-ақ оқу полигоны аумағында бұрғылау қондырғыларының макеттері орнатылған. Мұнда техногендік сипаттағы апаттарды жою мен алдын алуға бағытталған жаттығулар жиі өтіп тұрады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы