387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қарқын алып келеді

  • 1452
  • UPD: 21:48, 30.04.2018

Заман ағымына сай білікті кадр дайындау үшін өзге елдердің озық тәжірибесін қолданысқа енгізу маңызды.

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы гуманитарлық саладағы студенттердің заман талабына сай білім алуына мүмкіндік береді», – дейді мамандар.

Әлемдегі жетекші Гарвард, Оксфорт университеттерінде оқытылып жүрген «Медия этика» оқулығын енді еліміздің студенттері мен жас ғалымдары пайдаланып, білімдерін тәжірибемен ұштастыра алады. 10 мың данамен жарыққа шыққан кітап ағылшын тілінен тікелей аударылды. Еңбекте журналистикалық этиканың маңызы қарапайым кейстермен түсіндіріледі.

Есенгүл Кәпқызы, «Медиа этика» кітабының редакторы:

– Медиа этикаға қатысты қазақ тіліндегі кітаптар бізде жоқтың қасы деп айтуға болады. Осы кітапты оқи отырып, журналистикаға қатысты көп этикалық мәселелерден және бұл тек этикаға байланысты емес қой, құқықтық мәселелерден де біраз нәрсеге көзіңіз ашылады.

«Экономикс» оқулығы әлемнің 25 тіліне аударылған. Бірнеше жылдан бері экономика пәнінен дәріс беріп жүрген Гүлнәр Садыханова оқулықтың ерекшелігі автордың экономиканы оқырман көзқарасымен көрсете білгендігінде дейді. Кітаптың соңғы басылымында қаржы дағдарысы мен оның себептері қамтылған.

Гүлнәр Садыханова, «Экономикс» кітабының редакторы:

– Қазіргі кезеңде барлық мамандықта оқитын студенттерде экономика негіздерін береміз. Сол пәндерді оқытқан кезде, мысалы, химиктер, физиктер басқаларға мына экономикалық процестерді түсіндру қиындау болады. Ал мына кітапты пайдалана отырып, біз мақсатымызға жетеміз деп ойлаймын.

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жарыққа шыққан кітаптардың алғашқы легі биыл мамырда еліміздің жоғары оқу орындарының кітапханаларына жеткізіледі.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы