383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайлық кәсіпкер ешкі бағу арқылы пайдаға кенеліп отыр

  • 816
  • UPD: 12:27, 11.06.2018
Қостанайлық кәсіпкер ешкі бағу арқылы пайдаға кенеліп отыр

Ебін тапсаң, ешкі де пайданың көзі.

Қостанайлық кәсіпкер Полина Назарова мұны ісімен дәлелдеп отыр. Ол бірнеше жыл бұрын отбасымен қаладан ауылға көшіп келіп, ешкі өсіруге кірісті. Мемлекеттік бағдарлама іскер келіншекке шаруашылығын одан әрі дамытуға мүмкіндік берді.

Отағасы Дмитрий мен жұбайы Полина облыс орталығынан Октябрь ауылына 2011 жылы көшіп барды. Алғашқы жылы мал ұстау үшін қора-қопсысын сайлады. Ойласа келе ерлі-зайыптылардың таңдауы ешкі түлігіне түсті.

Қазақ «сүті ағып тұрған бұлақ, еті тамағыңа бап» деп мақтайтын Шекшек ата түлігі өсімталдығымен де ерекшеленеді. Осыдан алты жыл бұрын бұл отбасыда небәрі екі ешкі болса, бүгінде жануарлардың саны отызға жетті. 

Бұлардың бәрі сүтті ешкілер. Қазір он екі аналық сауылады. Әр бас күніне 3-4 литр өнім береді. «Түрлі дертке дәру ешкі сүтін тұтынушылар ем үшін сатып алады», – дейді отағасы.

Дмитрий Беспалько, тұрғын:

- Ешкінің сүті – дайын ақша. Облыста қат өнім болғандықтан өткізуден ешқандай мәселе жоқ. Қайта жетпей жатады. Артыла қалса ірімшік, йогурт жасаймыз. Нағыз табиғи өнім.

Шаруашылықты әрі дамыту үшін Полина Назарова кәсіпкерлер палатасынан қысқамерзімді бизнес-кеңесші курсын оқып шықты. Одан әрі мемлекеттік бағдарламамен 1 млн 260 мың теңге грантқа қол жеткізді. Ендігі жоспар – малдың саны мен сапасын арттыру. 

Полина Назарова, кәсіпкер:

- Асылтұқымды ешкіні сатып алмақпыз. Ол әлемдегі ең сүтті ешкілердің қатарында. Жылына 800-900 литр өнім береді. Әбден зерттеп, экономикалық тиімділігіне көз жеткіздік.

Шағын несие беруді көбейту – Президент ұсынған бес әлеуметтік бастаманың бір бағыты. Биыл облыста бизнес-кеңесші шеңберінде 800 адамды оқыту жоспарланса, алғашқы жартыжылдықта соның 70 пайызы орындалған.

Роберт Юсупов, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

- «Бастау-бизнес» бағдарламасы арқылы 2268 адамды кәсіпкерлікке бейімдеу межеленген. Бірінші толқын, яғни 535 адам мамыр айында оқуын аяқтап шықты. Олар бизнес-жобаларын пысықтап, қаржылық ұйымдарға құжаттарын дайындап жатыр.

Қостанай облысы бойынша биылғы алғашқы жартыжылдықта Полина тәрізді арнайы курстан өткен 14 кәсіпкер грантқа ие болған. Оларға бағытталған жалпы қаржы көлемі 30 млн теңгеден асады.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

Хабар 24 телеарнасы