374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында тау-шаңғы базасы салынып жатыр

  • 581
  • UPD: 23:59, 17.06.2018

Курорттық тау-шаңғы демалыс орнын салуға Жуалы ауданы таңдап алынған.

Себебі климаты қолайлы. Тек ауа райы ғана емес, логистикалық жағынан да тиімді аймақ. Біріншіден бұл жер қос облыс Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстанның қақ ортасында орналасқан. Екіншіден халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінен небәрі 10 шақырым жерде тұр. Бұл туристердің жол-жөнекей соғып, емін-еркін демалып кетуіне мүмкіндік береді.

Руслан Бақытбекұлы, Twitter @rusput_24kz

– Жоспарланған тау-шаңғы демалыс базасы осы жерде салынатын болды. Мамандар зерттей келе Қаралма шатқалын ыңғайлы деп тапқан. Егер жоспар жүзеге асса, дәл осы жерде тәулігіне 3 мың саяхатшыға дейін қабылдау мүмкіндігі бар демалыс орны пайда болады. Қазір құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңдері басталып, құрылысшылар инфрақұрылымын тартуға кірісіп жатыр.

Жоба екі кезеңде жүзеге асырылмақ. Бастапқыда жаппай халықтық, яғни жастар мен балаларға, отбасылық демалысқа арналған трассалар салынады. Ал екінші кезеңде кәсіби деңгейдегі сырғанау жолдары жасалады. Сонымен қатар ұзындығы 2 шақырымнан асатын заманауи үлгідегі аспалы темір арқан жол орнатылады. Қажетті қондырғылар Австрия елінен әкелінбек.

Бақтияр Көпбосынов, Жуалы ауданының әкімі:

– Мемлекеттік жекеменшік кәсіпкерлік аясында бұл жобаны іске асырайын деп тұр. Сондықтан бұл жобаға қызығушылық бар. Қазіргі таңда кәсіпкерлермен жұмыс істеп жатырмыз.

Жергілікті жердің бедері зерттеліп, жол түсетін жер белгіленді. Қазір құрылысшылар алғашқы жұмыстарды бастады. 

Болашақта бұл жобаға инвесторларды тарту көзделіп отыр. Әзірге жұмыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жалғаса бермек. Жоспар бойынша нысанның құрылысы биылғы жылдың желтоқсан айына дейін аяқталып, тұрғындар «Қаралма» тау-шаңғы базасында демала алады. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан, Руслан Ахатіллә

Осы категория бойынша: « Өскеменді көк түтін басты Алматы облысы Райымбек ауданын дамытуға 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы