384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысындағы кооперативтер жұмысы нәтиже бере бастады

  • 461
  • UPD: 08:35, 24.06.2018

Жамбыл облысының Жуалы ауданында ауылшаруашылық-өндірістік кооперативтерінің жұмысы нәтиже бере бастады.

Әсіресе сүт бағытында құрылған ұжымдардың жұмысы табысты. Жыл басынан бері шаруалар өндіруші кәсіпорындарға 500 тоннадан астам сүт өткізіп, шикізатпен қамтамасыз етті. Сөйтіп, оның тек субсидиясының өзінен 5 миллион теңгеден астам пайда түсірген. Қазір жобаның тиімділігін түсінген жергілікті жұрт бірлесіп кооперация құрып, жеңілдетілген несие алуға кезекке тұрып жатыр.

«Ақсай» кооперативі ең ірі әрі жүйелі жұмыс істеп тұрған Жуалыдағы 16 ұжымның бірі. Екі жыл бұрын етті және сүтті бағытта 9 адам бірігіп бастаған. Қазір 130-дан астам мүшесі бар. 470 миллион теңгеге 2 мыңға жуық ірі қара сатып алынған. Бүгінде тәулігіне 6 жарым тонна сүт өндіріп, мемлекеттен әр литрына 10 теңгеден субсидия алады.

Шаяхмет Қалдарбеков, «Ақсай» ауыл шаруашылығы кооперативінің мүшесі:

- «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген. Еңбексіз болмайды. Ауылды жерде тұрғаннан кейін. Өзімізде техника бар. Сол техниканың арқасында шөп жинаймыз. Жемді, арпаны орып аламыз. Малға азықты өзіміз дайындаймыз. Сондықтан бізге жеңілірек түседі да. Қарамағымызда 2 малшы, 2 сауыншы, өзімнің келінім мен балам, 6 адам жұмыс істеп жатыр шаруашылықта.

Былтыр ауданда жеке қосалқы шаруашылықтардан 9 кооператив құрылды. Оған 489 адам біріккен. Нәтижесінде мыңға тарта тұрғын жұмыспен қамтылды. Жақында 210 ауыл азаматы бірлесіп, тағы 7 кооперация ашылды. Бірақ мал алып, іске кірісуге қаржылай қолдау қажет болып тұр. 

Бақтияр Көпбосынов, Жуалы ауданының әкімі:

- Халық осы кооперативке қатты сеніп жатыр. Біз қазір 7 кооператив құрып қойдық. Ауылшаруашылығы қоры арқылы қазір өтініштерін де берді. Бірақ қазір Ауылшаруашылығы министрлігі жағынан кооперативке қолдау онша беріп жатқан жоқ. Ақшаны, несиені микрокредит бойынша да тоқтап тұр. Осы кооперативті қолдау ретінде облыс бюджетінен 1 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Әрине бұл аз болады. Сондықтан осы кооперацияны дамыту бойынша қалай жұмыс болып жатқанын сіздер көрдіңіздер.

Тағы бір мәселе. Қазір кооперативтердің миллиондаған теңгеге алған сүт қабылдау пункттері босқа тұр. Оны кейбір шаруалар мүлдем пайдаланып жатқан жоқ. Субсидия алу үшін амалдың жоқтығынан алған. Қазір олар ережеге өзгеріс енгізуді сұрап отыр.

Нұрғанат Әбзелбеков, «Ақсай» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы:

- Арақашықтық бір алыс. 50 километр, 60 шақырым жерлердегі сүті ашиды-ау деген жерге берсе. Біздің азанда сауған сүтімізді 1 сағаттың ішінде жинап зауытқа жеткізіп бере аламыз. Бұл нәрсенің қажеттілігі шамалы. Өйткені біздің ауданда бір емес, 3-4 сүт қабылдау зауыттары бар. Бізге сүт қабылдау пунктінің орнына сүт тасмалдау техникасы болса.

Айта кету керек, кооперациялардың арқасында жергілікті өндіріс орындарының өнім көлемі артқан. Жуалы ірімшік зауыты Ресей нарығына 60 тонна ірімшік жөнелткен. Жыл соңына дейін экспорт көлемін 100 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Жалпы Жуалы сүтті бағыттағы кооперативтер үшін патенциалы жоғары аудан. Таулы өлкеде мал ұстауға ыңғайлы. Өнімді өткізетін жер де бар. Бастысы жергілікті халық бұл іспен айналысуға ниетті. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы