384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде бірқатар нейрохирургиялық операция түрі тегін жасалады

  • 528
  • UPD: 21:54, 09.07.2018

Ми және мойындағы қан тамырларының бітелу дерті – аневризм жастарды да жағалай бастады.

Егде адамдармен қатар 20-дан енді асқандар да нейрохирургтерге жиі қаралатын болған. Елордадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының мамандары осылай дейді. Айта кетерлігі көпшілік медициналық емнің елімізде тегін жасалатынын біле бермейді. Бұл кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында жасалатын күрделі операция.

Лариса Петрова - Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Өскемендегі мекемелердің бірінде тазалаушы болып қызмет етеді. Осыдан 3 ай бұрын созылмалы дерті ұстап, инсульт алған. Тұрғылықты мекен-жайы бойынша стационарлық ем қабылдап, квота арқылы портал кезегіне тұрғызылады. Кезегін небәрі 2 ай күтіп, Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығына жолдама алады. Бүгінде операциядан кейінгі жағдайы бірқалыпты. Алайда толық айығуына жарты жыл уақыт қажет.

Лариса Петрова, емделуші:

– Мұны жарнама демес едім. Расымен де медициналық көмек мен секілді қарапайым азаматтарға тегін көрсетіліп жатыр. Квота арқылы кез келген науқас адам портал кезегіне тұра алады. Бұл бәріне қолжетімді. Шет елдердегі емнің құны бірнеше миллионнан жығылып түседі деп естігенмін. Дәрігерлер мен мейірбикелерге айтар алғысым шексіз.

Ал Батыс Қазақстаннан келген Гауһар Молдағалиеваның мамандығы - оқытушы. Ақпан айында кенет басы ауырып ұзақ уақыт басылмаған соң Оралда невропатологиялық тексерістен өте келе оған кавернозды, яғни «үңгірлі ангиома» диагнозы қойылады. «Бұл мидағы қан айналымының бұзылуы себебінен пайда болатын дерт. Дер кезінде емделмесе миға қан құйылуы мүмкін» дейді ем қабылдаушы.

Гауһар Молдағалиева, емделуші:

– Ақшолақов Серік операция өткізді, операция өте жақсы өтті. Емдеуші дәрігерім Қалиев Асылбек. Ол кісіге де үлкен рахметімді айтамын. Осындағы медбикелер, врачтар, хирургтардың барлығы да өз істеріне сенімді. Және алғысым шексіз оларға. 

Өңірлерде аталған дерттің алдын алу мақсатында жасалатын диагностика сапасы жоғарылап келеді, дейді орталық дәрігерлері. Олардың айтуынша, соңғы 10 жылдың ішінде 4500 мыңнан астам операция жасалған. Оның ішінде жартысына жуығы осы аневризм сырқатына қарсы жүргізілген.

Асылбек Қалиев, нейрохирург-дәрігер:

- Бас-ми нейрохирургиясы, бас-ми ісіктері, бас-ми тамырларының сырқаттары, балалар нейрохирургиясы, омыртқа нейрохирургиясы. Қазіргі кезде мынау операциялар бізде күнделікті жасалатын операциялар болып табылады. Шамамен 1,5-2 сағатта бітетін операция. Әрине 10 жыл бұрын ол операция тек қана біздің орталықта ғана емес, бүкіл Қазақстанда жасалмаған операциялар болған. Осы мемлекет қолдауы арқасында осындай орталық ашылып, осы жаңадан технологиялар енгізіліп жатыр.

Айта кетейік, орталықта бүгінде 100-ге жуық дәрігер, 200-ден астам мейірбике мен мейіргер, 16 медицина ғылымдарының кандидаты мен 3 докторы қызмет етеді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қалалық филиалының мәліметі бойынша биыл Астанада осындай дертке шалдыққан 175 науқасқа операция  жасау жоспарланып отыр. Осы мақсатта қордан шамамен 646 миллион тенге көлемінде қаржы бөлінген.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Асхат Серікұлы

Хабар 24 телеарнасы