367,40 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында суармалы егіс алқаптарының көлемі артты

  • 202
  • UPD: 09:35, 14.07.2018

Қарт Ертісті жағалаған Павлодар облысының шаруалары суармалы егіс алқаптарының көлемін ұлғайту үстінде.

Бүгінде алқаптардың үштен бір бөлігі суарылады. Жуырда Жаңақала ауылында жаңадан су құбыры өткізілді. Бұл жоба бюджет қаржысына салынып отыр. Жергілікті шаруа қожалықтары мемлекеттік қолдаудың арқасында егіс алқаптарын арттыруға мүмкіндік алды.

Өзеннен су тартатын жаңа бекет пен бір жарым шақырымдық су құбыры. Бұл жобаға 100 миллион теңге мемлекет қаржысы жұмсалған. Мұндай соманы қарапайым шаруа адамының қалтасы көтере бермейді. Мал өсіріп, егін еккен шаруашылық бұған дейін суды өз күштерімен тартып келген еді. Енді қолданыстағы 300 гектар суармалы жердің көлемі екі есеге артатын болады.

Қайрат Тұрлыбаев, шаруа қожалығының басшысы:

– Үкімет бізге 1 км 600 метрге дейін құбыр өткізіп берді. Сосын су тартатын бекет қойдырды. Ендігі жылы 600 гектарға дейін ұлғайту.

Өткен жылы шаруашылық заманауи суару кешеніне қол жеткізді. Жаңа технология ылғалдың біркелкі түсуін қадағалайды. Тіршілік нәрін үнемді жұмсауға да септігін тигізеді.

Қарлығаш Қасиетова, Twitter@kasietova:

– Павлодардың шаруалары энергия тиімділігі жоғары суару технологияларын қолдана бастады. Ол суды аз шығындайды және әрбір суармалы егіс алқабынан мол өнім алуға мүмкіндік береді.

Шаруашылық жоңышқаның алғашқы легін шауып үлгерді. Құнарлы мал азығы  гектарына 15 центнерден келген. Суару технологиясының арқасында күзге дейін тағы екі мәрте шабу көзделіп отыр. Тауарлы сүт фермасында қазір 600 сауын сиыр бар. Олардың әрбіріне шамамен 25 келі сапалы азық керек. Бұл ретте заманауи технологияны қолданбай, іс алға баспайды.

Хамза Оразбеков, Павлодар аудандық ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары:

– Біздегі 13 мың гектар суармалы алқаптың 320 гектары тамшылатып суарылады. Қалған 7800 гектарына «Валей» машиналарымен дисперсия әдісі қолданылады. Ал 4,5 мың гектарына бүгінде ескіріп бара жатқан жаңбырлатып суару технологиясын қолдануға тура келеді.

Су тарту бекетіне қол жеткізген шаруашылық суармалы егіс алқаптарының көлемін кеңейтуге көшті. Келесі жылы оның ауқымын екі есеге арттырмақ. Жаңа тауарлы сүт фермасын салу жоспары қаралып жатыр. Болашақ жұмыскерлерге арналған үйдің құрылысын бастап та кеткен.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Осы категория бойынша: « Ақтауда жер телімдерін заңсыз иеленген тұрғындар жазаланды Қостанай облысында биыл шегірткеге қарсы 90 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілген »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы