374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда аптап ыстықтан су тапшылығы сезіліп отыр

  • 222
  • UPD: 19:45, 16.07.2018

Ақтауда аптап ыстықтан биылғы жазда су тапшылығы сезіліп, электр желілері істен шықты.

Көпқабатты тұрғын үйлердің жоғары қабаттарына тіршілік нәрі жетпей жатыр. Өңірдегі теңіз суын тазартатын комбинаттың 30 градусқа дейін көтеріліп кеткен теңіз суын тұщытуға шамасы жетер емес. Бұл кәсіпорынның су өндіру мүмкіндігін 15 пайызға дейін төмендеткен. Ауа температурасының шамадан тыс көтерілуінен халықтың электр қуатын тұтыну көлемі де артып, тозығы жеткен электр сымдары істен шықты.

Ақтау қаласының тұрғыны Ирина Логвинова 9-қабатта тұрады. Жақында ғана қызды болған жас ана 2 аптадан бері ауызсудың азабын көріп отыр. Қысымның төмендігінен тұрғын үйдің жоғары қабаттарына су жетпей жатыр.

Ирина Логвинова, қала тұрғыны:

– Таңғы 9-дан түнгі 11-ге дейін мүлдем су келмейді. Тек түнде ғана құбырдан сыздықтап су ағады. Сол кезде ыдыстарымызды толтырып аламыз. Сусыз үш баламмен әбден қиналып кеттім. Баланың жуатын жөргегі бар, тамағы бар.

Су тапшылығы қаланың тағы бірнеше шағын ауданында сезіліп отыр. Аймақты тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін Маңғыстау атом энергия комбинаты бұған ауа температурасының шамадан тыс көтерілуі себепші екенін айтады. Теңіз суын тұщытатын ірі комбинат 20 градус суды тазартуға қауқарлы. Ал қатты ыстықтан Каспий суы 30 градусқа жоғарылап кеткен. Бұл өнімділікті 15 пайызға дейін төмендеткен. Ал суға деген халықтың сұранысы керісінше артып отыр.

Қолғанат Нұржаубайұлы, Маңғыстау атом энергия комбинаты бас директорының кеңесшісі:

– Облыс әкімшілігімен, басқа да Каспий су тұщыту зауытымен бірлесе отырып, қаланы сусыз қалдырмау мақсатында мәселелер шешілді. Мысалы, 30 мың текше метрге шейін су алып отырғандар 40 мың текше метрге дейін су алды. Міне, соның орнын жабу үшін өндірістік аймақ, Өмірзақ поселкесі, Ақшұқыр, Сайын ауылдарына берілетін суды Каспий су тұщыту зауыты өзіне алды да, соның нәтижесінде біз қалаға берілетін судың көлемін орнына келтірдік.

Шіліңгір шілденің ыстығынан электр қуатын тұтыну көлемі де артып, тәулігіне 75 МВт-тан 120 МВт-қа жетті. Бұл жоғары кернеулі электр желілерінің істен шығуына әкеп соқты. Қаланың біраз бөлігінде тәуліктеп жарық болмай қалды.

Айтбай Аймағанбетов, қалалық электр желілері басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Қазіргі таңда оларды қалпына келтірдік. Бізде екі кезекші бригада бар, бұрын болмаған лаборатория қазір тәулік бойы кезекшілікте. Істен шыққан желілерді ауыстырдық.

Бұл мәселені түбегейлі шешіп, жүктемені азайту үшін биыл екі бірдей қосалқы электр стансасы салынатын болды. Сондай-ақ келер жылы тозығы жеткен электр желілерін 60 пайызға жаңарту жоспарланып отыр.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Осы категория бойынша: « Шетелдік сәулетшілер елордада Еуразиялық сәулет академиясын ашуды ұсынды Алматыда ескі үйлер сүріліп, орнына жаңа баспаналар салынады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы