366.86 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мердігер компания күн сайын ақау шығатын үйдің сапасыз салынғанын мойындамай отыр

  • 260
  • UPD: 18:10, 20.07.2018

Өскеменде өткен күзде ғана қолданысқа берілген көп қабатты тұрғын үй сапасыз салынған.

Күн өткен сайын кем-кетігі көбейіп барады. Осылай деп  шағымданған үй тұрғындары жауапты орындардан кемшіліктерді жоюды сұрап отыр. «Пәтердің ішіндегі ыстық су ағатын құбырды тұрғындар жамап-жасқап, әрең қолданып жүрміз» дейді. Ал үйдің ауласында аяқсыз қалған шаруа өз алдына бір төбе. 

Есенберлин көшесіндегі 23-үйдің тұрғыны Анар Қуантаева «жаңа пәтеріме кіргелі күн сайын бір кемшілік шығады» дейді. Әсіресе қыс бойы ыстық су ағатын құбырмен алысып әуре болыпты. Температураны көтермеген кәріз желісі қайта-қайта ісініп, майыса берген.

Анар Қуантаева, үй тұрғыны:

- Ыстық су мына пластикалық құбырдан өтіп жатыр, міне қыс бойы ісініп жарылып кете жаздайды. Су неғұрлым көп ағызсақ, бұл да соғырлым майыса түседі. Қай күні күйіп қалар екенбіз деп қорқып шықтым.

Баспана атүсті салынған деген тұрғындардың көрсетері көп болды. Солардың бірі жыл өтпей жатып ырсиып,ажырап бара жатқан жертөленің төсеніші.

Маңайды көріктендіру мен балалар алаңын жарақтау да ұмытылған. Әр жерден қаздиып тұрған қазықтарды құрылысшылардың кімге қалдырғаны белгісіз. Ал үйді сумен қамтудың жыры бір бөлек әңгіме. 21-ғасырдың көп қабатты бұл үйіне ауыз су да, ыстық су да сорғымен тартылып жіберіледі екен. Сорғы істен шыға қалса, тіршілік нәрі де тоқтайды.

Бақытгүл Тоқсанбаева, үй тұрғыны:

- Жұмысқа таңғы 7-ден кете кетемін, кешкі 18:30-да келем, келгенде  суық су болмай қалады. Жұмысқа кетерде тағы болмай қалады.

Ринат Нысанов, ПИК өкілі:

Сорғы 24 сағат жұмыс істейді, сондықтан бұл салмаққа шыдаймай жиі істен шығады. Оның саймандарын ауыстырып, қайта іске қосқанша біршама уақыт кетеді.

Үйді салған мердігер компания «тұрғындардың шағымын жаңа естіп отырмыз» деп таңқалды. Енді олар көрсетілген кемшіліктердің тізімін жасамақ.

Бейбітжан Абраимов, бас мердігер компания өкілі:

- Бүгінгі күні менің қолымда сол шағымдардың тізімі жоқ, тізімді берсе біз жедел шара қолданамыз, құрылыс сапасыз саынды деп айта алмаймыз, сапалы салынды. Жобалық материалдармен салынған.

Осылайша жауапты мекеме олқылықтарды алдағы 1-2 апта ішінде жоямыз деп уәде берді. Айта кетейік, бұл тұрғын үй «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы шеңберінде бой көтерген.

Авторлары: Э.Ахметова, Д.Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы