365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қапшағай қаласына экологиялық апат қаупі төніп тұр

  • 272
  • UPD: 15:23, 25.07.2018

Алматы облысындағы Қапшағай қаласына экологиялық апат қаупі төніп тұр. Өйткені жарты ғасыр бұрын салынған сарқынды суды тазарту кешені әбден тозып, істен шыққан.

Станса кәріз құбырынан келген суды тазалап үлгермей жатыр. Қапшағайда 6 су тұндырғыш болса, қазір соның үшеуі ғана жұмыс істейді екен. Қалғаны апатты жағдайда. Кәріз жүйесін қайта қалпына келтіру үшін 4,5 млрд. теңге қажет, - дейді мамандар.

Қапшағайдағы магистралды кәріз құбырының жағдайы сын көтергісіз күйге түскеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Сондықтан ағын суды тазарту кешеніндегі жұмысшылар құбырдың тесілген жерін күн сайын осылайша ағаш тығынмен бітеуге мәжбүр. Ал су қабылдағыштың жанында тұру адам өмірі үшін өте қауіпті. Өйткені ол кез-келген уақытта жарылуы мүмкін. Механикалық тазарту қондырғысы бірде істеп, бірде істемей қалады. Гидроэлеватор мен құмұстағыштар  да әбден ескірген. Сол себепті сүзгіден өтіп кеткен зиянды заттардың бәрін қолмен тазартуға тура келеді.

Әлдибек Түркістанов, жұмысшы:

- Құбырдың бәрі шіріген. Задвижкалардың бәрі шіріп кеткен. Соның бәрін тоқтап қалған кезде қолмен тазалап жатырмыз түгел. Қолмен тазалаудың өзі өте қиын. Анау 6 метрге түсу, соны қолмен алып, шелекпен тасу адамның денсаулығына зиян ғой.

Механикалық тазарту әдісі арқылы ағын сумен бірге келген зиянды заттардың 75 пайызы сүзгіден өтпеуі тиіс. Бірақ дәл мынандай жағдайда, кәріз суы қаладан қалай келсе, сол күйі ағып кетіп жатыр. 

Қажымұрат Бәтенов, «Қапшағай» МҚК бас инженері:

- Қазір 114 картаның 47-сімен ғана жұмыс істеу мүмкін болып тұр. Өйткені өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай, арқалықтар мен арматуралардың бәрі шіріп кеткен. Мұның бәрін өз күшімізбен жөндеуге біздің қаржымыз жетпейді. 

Ілияс Сүгіров, Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары:

- Қазір ТЭО-сын жасадық. Оның экспертизасын алдық. Бүгінгі күні МЖӘ-ға біз ұсынып жатырмыз. ТЭО бойынша 4,5 млрд қаржы керек.

Мұндағы 6 горизонталды су тұндырғыштың үшеуі істен шыққан. Жұмыс істеп тұрғандарының өзін күнде жөндеуге тура келеді. Олар біржола бұзылса, ағын су қалаға қарай ағады. Сонда Қапшағай экологиялық апат аймағына айналуы мүмкін, - дейді мамандар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Осы категория бойынша: « ШҚО-ның Ұлан ауданында орман өртеніп жатыр Еліміз халықаралық әскери ойындарға қатысады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы