369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұлын ұрып тастап кеткен әке неліктен мұндай әрекетке барғанын айтып берді

  • 245
  • UPD: 10:58, 02.08.2018

Алматының тәртіп сақшылары халықтың ашу-ызасын тудырған қылмыстың мән-жайын анықтады. Осыдан екі апта бұрын қаладағы айналма жолда 4 жасар Мухамед Аскароглыны көлік қағып кеткені хабарланған болатын.

Алайда ағаштың арасында басынан қан ағып, шалажансар жатқан балаға темір тұлпардың еш қатысы жоқ екені анықталды. Қалалық ішкі істер департаменті өкілдерінің мәлімдеуінше, оңды-солын әлі танып білмеген жас балғынды өзге емес, өзінің әкесі таспен ұрған. 

Алматыдағы Шығыс айналма автожолында Мухамед есімді 4 жасар ұлды көлік қаққаны елдің есінде. Ол аздай қаныпезер баланы кілемге орап, Брянская көшесіндегі ағаштың түбіне тастап кеткен. Ұлдың әкесі осылай деп, Медеу аудандық ішкі істер басқармасына арыз жазған еді. Артынша куәгерлер іздестірілді.

Ағаш түбінде ес-түссіз жатқан Мухамед балаларға шұғыл жәрдем көрсету орталығына жеткізіледі. Дәрігерлер балғынды жансақтау бөліміне жатқызып, операция жасайды. Артынша буыны бекімеген балақай есін жиды. Осы оқиғадан соң қалалық ішкі істер департаментінде арнайы жедел топ құрылды. Тергеу амалдары ұзаққа созылған жоқ. Басты күдікті анықталды. Сөйтсе, Мухамедті ешқандай көлік қақпаған. 4 жасар баланы өзге емес, өзінің әкесі таспен ұрып естен тандырған. Бұған куәгерлер мен бейнебақылау камерасы дәлел. Ұлын көзден таса жерге апарып, шекесінен таспен ұрған. Полиция қызметкерлері оқиға орнынан әлгі тасты да тапты. Одан бөлек баланы ораған кілемнің де сол үйге тиесілі екендігі анықталды.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы:

- Төрт жасар Мухамед Аскароглының дене жарақаттарына бірден бір себепкер бұл туған әкесі болып шықты. Қазіргі таңда  ол полицияда бұл қылмысқа қатысты екенін толық мойындады. Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша қылмыстық іске қатыстығы дәлелденді. Сөзіне қарасақ, 16 шілде күні ұлы қасына келген. Әкесі спирттік ішімдік ішкен. Басынан ұрып талдырған. Баласына көмек көрсетудің орнына автобуска отырып, жұмысына кеткен. Қажетті материалдар жинақталды. Нәтижесінде бейнекамералардың да көмегі бізге тиді. 

Қазір баланың әкесі Мурат Аскароглы жасаған қылмысын мойындады. Белгілі болғандай ол мұндай қатыгездікке барғанда мас болған. 

Мурат Аскароглы, күдікті:

- Сол күні таңертең арақ іштім. Балам өзіммен бірге болатын. Қатты мазамды алды. Сосын қолыма тас алып, шекесінен ұрдым. Ол бірден құлап түсті. Қорықтым да әлгі жерден қашып кеттім. Автобусқа мініп, жұмысыма бардым. Сол жерде жуынып, есімді жидым. Осы ісім үшін барлық қазақстандықтар мен полиция қызметкерлерінен кешірім сұраймын. Қылмысым үшін жауап беруге дайынмын.

Кінәлі екендіктері дәлелденсе тек әкесі ғана емес, «баланы қара түсті көлік қақты» деп, жалған мәлімет берген куәгер де жауапқа тартылады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. 

Авторы: Қорған Төреқожа

Осы категория бойынша: « Ақтауда мамандандырылған тергеу соты құрылды Жамбыл облысында газ саудасымен заңсыз айналысқан топқа сот үкімі шықты »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы