365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Биыл 6500 астаналық тегін кәсіби білім ала алады

  • 191
  • UPD: 17:58, 06.08.2018

Оның 700-і қысқамерзімде оқып шығады.

Яғни кез келген азаматтың үш ай ішінде жаңа мамандықты игеруге мүмкіндігі бар. Оларға ай сайын 16 мың теңге шәкіртақы тағайындалған.

Осыдан 6 ай бұрын Баян Үсербаева тұрақты жұмыс таппай әбден қиналған. Қала кезіп, бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Өз мамандығына сай жұмыс істеу үшін тәулік бойы ауысымда болуы керек. Бала-шағасының қамын ойлаған Баян Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, қысқамерзімді оқыту бағдарламасына қатысуға бел буады.  

Баян Үсербаева, шаштаразшы:

- Көп уақыт бойы жұмыс таппай жүрдім. Жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз болып тіркелдім. Содан соң осы курсқа жіберілдім. 10 шілдеде бітірдім. Бір айдай болды жұмыс істеп жатырмын. Стипендия алдым. Одан соң жұмысқа керек-жарақтарымды алдым. Меңгерген мамандығым өзіме ұнайды. Күніне 3-4 адамнан, 10 клиентке дейін қабылдаймын.

Астана қаласында жұмыссыз жүрген 24 мың адамды ескерсек, бұл – таптырмас бағдарлама. Халықты жұмыспен қамту орталығы биыл Баян Үсербаева сынды 700 адамды қайта оқытып, тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

Олжас Омар, Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Қысқамерзімді оқыту бойынша 700 адамды оқытуды жоспарлап отырмыз. Оның 400-і қазір оқып жатыр. Олардың 100-ге жуығы оқуды бітірді. 40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Одан басқа биыл бірінші рет жұмыс берушілермен оқытуды ұйымдастырып отырмыз. 16 мың стипендия төленеді. Мамандыққа байланысты оқу мерзімі 1 айдан 3 айға дейін жалғасуы мүмкін.

Бағдарлама аясында аспаз, шаштараз, тігінші секілді мамандықтарды қысқамерзім ішінде меңгеріп алуға болады. Одан бөлек биыл ІТ саласы да тізімге қосылды. Ал қысқамерзімді оқыту курсы жыл соңына дейін жалғаса береді.

Қысқамерзімді курстан өтіп, осындай тұрақты жұмысқа орналасу үшін сіздің жасыңыз немесе қолыңызда дипломның болуы маңызды емес. Бастысы, адал еңбекке деген ынтаңыз болса жеткілікті.

Авторлары: Жансұлу Дүйсенәлі, Ермек Кеншімбек

Осы категория бойынша: « Қызылордада Ұлттық ұланның қатары толықты Алматыда ірі шаһарларды көгалдандыру мәселелері талқыланды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы