374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жетісудағы Қызылағаш су қоймасы таспен өріліп, бетонмен қапталады

  • 245
  • UPD: 22:00, 18.08.2018

Қызылағаш су қоймасы қайта жарақталады.

Іргесі тастан өріліп, бетонмен қапталады. Алматы облысының Ақсу ауданындағы алып тоған – өңірдің ауыл шаруашылығы үшін маңызды нысан. Маңайдағы 7 мың гектарға жуық егістік алқабы осы қоймадан суарылады. Бұдан 8 жыл бұрын су жырып кетіп, елді дүрліктірген соң көңіл бөлінбеген еді. Енді бастапқы қалпына келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Қызылағаш су қоймасының құрылысы қолға алынғалы екі жылға жуық уақыт өтті. Алдымен жолдарды реттеу, электр желілерін тарту, су қоймасына қызмет көрсететін адамдарға баспана салу сияқты жұмыстар жүргізілген. Бүгінде құрылысшылар су қоймасының өзіне қатысты жұмыстарды жоспарлы кестеге сай атқарып жатыр. Бірақ бастапқы қалыптан өзгешелік көп.

Рақымжан Разбаев, «Қазсушар» РМК Алматы облыстық филиалының бас инженері:

- Бұрынғының бәрін алып тастадық қой. Бұрынғының бәрі топырақтан болған. Бұл – күшейтілген нұсқасы, ортасы бетоннан салынады. Ядросы бар, жан-жағында тас бар. Бұрынғыда тас болған жоқ.

Бөгеттің биіктігі – 55,5 метр, ұзындығы 310 метр болмақ. Сыйымдылығы – 42 миллион текше метр. Құрылысқа республикалық қазынадан 6 миллиардқа жуық теңге жұмсалады. Мердігер мекемелер өздеріне тиісті жұмыстарын атқарып жатыр. Қызылағаш су қоймасы Ақсу ауданының дамуына және жергілікті тұрғындардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайларын жақсартуға айтарлықтай ықпал етеді. Өңірдегі суармалы жердің көлемі 7 мың гектарға жуықтайды. Егіншілікке, оның ішінде қант қызылшасын көптеп егуге мүмкіндік туады. Сондықтан шаруа қожалықтары су қоймасының тезірек пайдалануға берілуін күтуде.

Сәуле Әмитова, Қызылағаш ауылдық округінің әкімі:

- Бізде 163 шаруа қожалығы бар. Көбінесе жермен 30-40 адам айналысады. Су жоқ болғаннан кейін қалғандары малға көшіп кеткен. Енді су болса, кісілер көбірек салады және жұмыс орны болады деймін.

Қазір мұндағы жұмыстарға 120 техника мен 200-ден астам адам жұмылдырылған. Жұмыстар екі ауысыммен тоқтаусыз жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, құрылыстың негізгі жұмыстары жыл соңына таман аяқталып қалады.

Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев

Осы категория бойынша: « Қостанайда кәсіпкерлерге арналған жобалық кеңсе ашылды Атырауда 24 жоба жүзеге асырылады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы