383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қаныш Сәтпаев тұрған үй күрделі жөнделіп, музей болып ашылды

  • 1355
  • UPD: 21:48, 27.09.2018
Қаныш Сәтпаев тұрған үй күрделі жөнделіп, музей болып ашылды

Қарағанды облысының Қарсақбай кентіндегі Қаныш Сәтпаев тұрған үй күрделі жөнделіп, музей болып ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда ғалымның жеке заттары, қаншама құнды құжаттары қойылған. Ал Жезқазған қаласындағы мұражай қоры тағы бір баға жетпес жәдігермен толықты. Әйгілі археолог Антонина Ермалаева қазақтың көрнекті ғалымы Қаныш Сәтпаев тапқан гранат тасын тапсырған.

Қаныш Сәтбаев Қарсақбай қойнауында мыстың мол қоры бар екенін дәлелдеп, өңірдің болашағын дәл болжаған данышпан ғалым. Кейін бұл өңір Қазақстандағы түсті металлургияның қарашаңырағына айналды. Дәл сол 1929-1941 жылдар аралығында Қаныш Сәтпаев отбасымен осы үйде тұрған. «Қарашаңырақта қаншама зерттеу жұмыстары, ғылыми шешімдер жасалды», - дейді тарихшылар. Ал үйдің екінші басында Қазақстанда алғаш құрылған геологиялық барлау мекемесінің бас кеңсесі болыпты. Қазір бұл көне ғимарат күрделі жөнделіп, музей болып ашылды. Мұнда шамамен 3 мыңға тарта құнды жәдігер бар.

Зейпін Қазанбаева, мұражай директоры:

- Негізінен барлығы дерлік түпнұсқа, раритет жәдігерлер болып саналады. Бұл жердегі ең ескі жәдігерлер Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың өзі отырған үстелі «Атбасарцветмет» тресінен бері келе жатқан. Сосын ол кісінің геологиялық сызба үстелі. Сосын жеке заттары. Бұл да Ахмет ағамыздың және Таися Кошкина мен Мейіз Қанышевнаның арқасында жинақталған.

Қаныш Сәтбаевқа қатысты тағы бір құнды жәдігер Жезқазған музейіне тапсырылды. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары ғалым дәл осы өңірде геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізген болатын. Сонда табылған гранат тасын әйгілі археолог Антонина Ермалаева мұражай қорына өткізді. Таспен бірге Қаныш Сәтпаевтың өз қолымен жазылған минералдың химиялық-физикалық сипаттамасы да бар.

Ғабдол Әуезов, тарихшы, археолог:

- Бұл тасты Қаныш Имантайұлы Сәтпаев өзінің жиені Кемал Ақышевқа сыйлаған. Кемал Ақышев қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби археолог. Кемал Ақышев өзінің ұлы Әлішер Ақышевқа сыйлаған. Әлішер Ақышев осы өңірді бірнеше жылдан бері қазып келе жатқан Ермалаева Антонина Сергеевнаға сыйлаған.

Айта кеткен жөн, қазір мұражай қорында бұдан бөлек Қаныш Сәтпаевтың дала сөмкесі, галстугі, планшеті сақтаулы.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Хабар 24 телеарнасы