360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысының әкімдігі «Баспана» ипотекалық ұйымымен меморандум жасаспақ

  • 289
  • UPD: 23:23, 07.10.2018

Мемлекет басшысының биылғы жолдауында баспана мәселесі тағы да көтерілді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Себебі, елімізде үйсіз жүргендердің саны әлі азаймай отыр. Ал Маңғыстау облысының әкімдігі болса жолдаудан кейін «Баспана» ипотекалық ұйымымен меморандум жасаспақшы. Мақсат – «7-20-25» бағдарламасына қатысушы төлейтін алғашқы жарна мөлшерін субсидиялау. Мемлекеттік бағдарламаға «Жас арман» және «Қамқор баспана» жобалары кіреді. Оның негізінде пәтер алуға қажетті алғашқы 20 пайыз жарнаның 10 пайызы субсидияланады. Бұл қаржыны жергілікті бюджеттен алу амалдары қарастырылып жатыр.

Ақылбек Нұрбосын өз алдына отау тігуді көздеген мұратына мемлекеттік бағдарлама арқылы қол жеткізді. Екі бөлмелі пәтерді 20 жылға рәсімдеп, айына 40 мың теңгеден төлеп отыр. Алғашқы жарнасын төлеу мұнайшы үшін аса қиынға түспеген. «Мемлекет қолдауымен жарна көлемі екі есеге азайса, мен секілді үй алған бақытты отбасы саны көбейер еді», – дейді жаңа пәтер иесі.

Ақылбек Нұрбосын, қала тұрғыны:

- Жолдауда айтылған Елбасы сөзі маған қатты ұнады. Бұл бағдарламаның алғашқы жарнасын азайтып немесе субсидия бергені өте жақсы. Баспанаға қол жеткізу оңай шаруа емес. Алғашқы жарнасының өзі де біраз ақша. Біз секілді жас отбасылар, баспана алғысы келетін адамдардың жағдайын жасап, жақсартып жатыр. 

«7-20-25» бағдарламасына қатысуға ниетті маңғыстаулықтардың қатары артып отыр. Бұған Ұлттық банктің өңірлік филиалы мамандарының облыс халқына түсіндірме жұмыстарын жүргізуі оң ықпал етуде. Мемлекеттік жобаны жүзеге асыру басталғалы бері Ақтаудағы екінші деңгейлі банктерге 286 өтініш түскен. Олардың 181-і мақұлданды. Тұрғындардың пәтер сатып алуына берілген несие көлемі 1,5 млрд теңгеден асады.

Нұртас Машанов, ҚР Ұлттық банкі өңірлік филиалының бөлім басшысы:

- «Баспана» ипотекалық ұйымы мен аймақ әкімдігі арасында меморандум жасақтауға дайындық жуық арада жүреді деп жоспарланған. «7-20-25» бағдарламасына кіретін екі жоба бойынша алғашқы жарна бөлігін субсидиялау басты назарға алынады. Мемлекеттік бағдарламаға жасы 21-ден асқан кез келген азамат қатыса алады. Басты талап, ол адамның атында жылжымайтын мүлік болмауы және тұрақты табысы болуы керек.  

Маңғыстау өңірі бойынша тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ақтауға іргелес жатқан үш ауданда көпқабатты үйлер салынып жатыр. Демек келешекте ауылдықтар да «7-20-25» бағдарламасына қатысады. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Сұңғат Төлебаев

Хабар 24 телеарнасы