366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұшақтағы қауіпсіздік күшейеді

  • 146
  • UPD: 23:38, 10.10.2018

Мәжіліс депутаттары әуе бортында тәртіп бұзған азаматты кез келген әуежайда ұшақтан шығарып салуға құқық беретін заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.

Бүгін Парламенттің төменгі палатасы әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар туралы конвенцияны және оны өзгертетін хаттаманы ратификациялады. Бұл құжат ұшқыштардың құзырын кеңейтіп отыр. Дәлірек айтқанда, ұшақ командирлері мен экипаж мүшелері заң бұзушы жолаушыларға қатысты алдын алу шараларын қолдана алады. Тіпті ескертуді елемей, елірген бұзықтардың қолын креслосындағы қауіпсіздік белдігімен не арнайы пластик кісенмен байлауға құқылы.

Айту керек, былтыр Қазақстанда әуеде қоғамдық тәртіпті бұзған 3 жағдай тіркелді.

Жексенбай Дүйсебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Хаттамаға сай әуе кемесінің командиріне тәртіп бұзушыға шектеу қою үшін экипаж мүшелерінен көмек талап ету құқығы берілген. Бірақ борттағы қауіпсіздік қызметкерлерінен мұндай көмекті талап ету құқығы берілмеген. Тек өтіне алады. Осыған байланысты менің сұрағым. Әуе кемесінің командиріне қауіпсіздік қызметкерлерінен көмекті талап ету құқығы неліктен берілмеген?

Роман Скляр, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі:

- Бірқатар мемлекеттерде борттағы қауіпсіздік қызметінің құзыреті әуе кемесі командирінің құзыретінен артық. Сондықтан олар экипаж мүшелеріне де бұйрық беруге құқылы. Бірақ біздің елдегі ұшақтарда әуе маршалдары қарастырылмаған. Сондықтан бұл норма Қазақстан үшін аса өзекті емес.

Хабар 24 телеарнасы