366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздегі жеке кәсіпорындар жалақыны көтеруге ынта білдірді

  • 118
  • UPD: 10:35, 13.10.2018

Елімізде жаңа жылдан бастап, ең төменгі жалақы мөлшері орташа айлық деңгейінің 25 пайызын құрайды.

Қазір бұл көрсеткіш 17 пайызға тең. Елбасы өз Жолдауында ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайтынын айтты. Сарапшылардың пікірінше, халықтың әлеуетін көтеруге бағытталған бастамалар оң нәтижесін береді.

Халықтың қамы – Елбасы Жолдауының басты өзегі. Әсіресе жалақының көбейетіні көпті марқайтып тастағаны рас. Қазақстанда 2019 жылдан бастап, ең төменгі жалақы 1,5 есеге артып, 42500 теңгені құрайды. Бұл ауқымды өсім. «Демек, экономикамыз ілгерілеп, әлеуетіміз артқан» дейді сарапшылар.

Генриетта Строева, сарапшы:

- Былай қарасақ, 1 млн 300 мың қазақстандықтың жалақысы артады деп отырмыз. Шынтуайтына келгенде, жеке кіріс салығы алынып тасталған барлық азаматтардың еңбекақысы көбейеді. Бұл шамамен 6,5 млн адам. Жұмыс күшін сақтай отырып, осылайша экономикалық көрсеткіштерді еселеуге болады. Бүгінде жеке компаниялар да жұмысшыларының жалақысын арттыруға ынталы. 

Серікқали Бисақаев, сарапшы:

- Ресейде орташа айлық ақы мен ең төменгі айлық ақы 20 пайыз, Америкада 25 пайыз. Соған байланысты біздерде олардан төмен болдық. Енді амандық болса, 19 жылы төменгі айлық ақы деңгейі орташа айлық ақының 25 пайызына жетпекші. Яғни бұл экономикалық өскеніміздің дәлелі болып тұр. 

Серікқали Ғұмарұлының айтуынша, 1,3 млн қарапайым жұмысшы ғана емес, еліміздегі барлық қызметкерлер жоғары жалақы алуға лайық. Себебі, жұмыс берушілердің бұған әлеуеті жететінін уақыт дәлелдеді. Тұрмысын түзеуге ниетті халық та аз жалақыны місе тұтпайды. Астана қалалық жұмыспен қамту орталығына тіркелген азаматтар еңбекақысының 100 мыңнан жоғары болғанын қалайтынын жеткізген.

Қаламқас Күлшіманова, қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

- Күніне жұмыспен қамту орталықтарына 300-ден аса азаматтар келеді. Олардың талаптары әртүрлі. Жалақысы туралы айтсақ 100 мыңнан аса жұмыс іздейді. Еден жуушыларға, қосалқы жұмысшыларға тоқталсақ, жалақысы 70-80 мыңнан тұрады. 

Қоғамдық жұмысшы Виктория Даудованы жағымды жаңалық қатты қуантты. Ол әзірге 65 мың теңге алып отыр. Келешекте тұрақты жұмыс тауып, үлкен мақсаттарға қол жеткізуді көздейді.

Виктория Даудова, оператор:

- Жалақымның өсуі менің арманыма қанат бітірердей. Кәсіби біліктілігімді арттырып, болашағы зор ІТ маманы болғым келеді. 

Елімізде жалақыны арттыруға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 млрд теңге бөлінеді.

Хабар 24 телеарнасы