365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО-да кәсіпкер туған ауылына мектеп салып берді

  • 100
  • UPD: 11:57, 13.10.2018

Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкер туған ауылына мектеп салып берді. Біржан Шәймерденов ескі ғимараттың қабырғасын ғана қалдырып, оқу ордасын жаңадан тұрғызды.

Бұл Дайындық елді мекенінде бой көтерген жалғыз нысан емес.

Біржан Шәймерденовтің қамбасы астыққа, құлағы жастыққа тиді. Диқан ырыс дәнін ысырапсыз жинап алды. Тіпті, қоймалары «сары алтынға» сыймай жатыр. Ал саны сапасына сәйкес. 

Біржан Шәймерденов, шаруашылық жетекшісі:

- Биылғы жылы міне ауа райына қарамай, көктем өте кеш басталғанымен, егін бәрі пісіп үлгерді. Оның бәрі мінекей өзіміз жігіттердің ұйымшылдығымен жинап алдық. Сапасы өте жақсы. Биылғы жылы орта есеппен алғанда 30 центнер уражай алдық біз.

Кәсіпкер маңдай терімен тапқан табысын туған ауылына жұмсайды. Дайындықта оның көмегімен балабақша, емдеу мекемесі, тұрғын үйлер салынды. Биыл мектеп те жаңарды. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Twitter@91Aidarbek: 

- Дайындық ауылдық мектебі 1967 жылы салынған. Содан бері тек қырлап-сырлаудың арқасында келген оқу ордасы жаңа оқу жылы адам танымастай кейіпке енді. Кәсіпкер оның қабырғасын қалдырып, басынан аяқ жөндеп шығуға өз қалтасынан 58 млн теңге ақша бөлді.

Енді оқушылар мен ауыл тұрғындары қысы – жазы спортпен шұғылданады. Мектеп жанынан спортзал салынып жатыр. Оқу ордасында 40 бала білім алады. «Бұрынғы ғимарат әбден ескірген еді», - дейді мектеп директоры.

Талғат Рамазанов, мектеп директоры:

- Қабырғалары ғана қалды. Қалғанын бәрін мінеки күрделі жөндеуден өткізіп берді. Қазір мектебіміз жылы. Бұрын салқын болатын. Балаларға барлық жағдайлар жасалған. Мінекей, спортзхал салынып жатыр. Мінеки жуырда аяқтайық деп отырмыз.

Дайындық ауылында 65 үй болса, соның жартысы шаруашылық есебінен тұрғызылды. Кәсіпкер жұмысшыларының ескі үйін сүріп, орнына жаңасын салып береді. Олар орталықтандырылған жылуға қосылған.

Самал Нұрмахамбетова, Дайындық ауылының тұрғыны:
- Пеш жақпаймыз, су тасымаймыз. Тек қана мінекей осы ауыл мен қаланың теңдестіру мақсатында қалада тұрғындар қалай тұрады, дәл солай біз де ауылда тұрамыз.

Біржан Шәймерденов егін мен мал шаруашылығын қатар ұстайды. Серіктестікте 1 мың асылтұқымды ірі қара бар. Биыл мал бордақылау алаңы пайда болды. Енді тауарлы сүт кешені салынып жатыр.

Біржан Шәймерденов, шаруашылық жетекшісі:

- Елбасының Жолдауында жақсы көмек жасап жатыр. Ол нағыз бізге керек нәрсе. Біз құр сүтті сауу емес, біз оны дүкенге жеткізетіндей қылып переработка жасау керек. Ендігі жылы мынау комплексті салып болғаннан кейін, біз уже переработкаға кірісеміз.

«Мал шаруашылығы – еңбек өнімділігін арттырады», - дейді диқан. Ал оның өнімін өңдеу нарықты табиғи таза азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Вадим Пятков

Хабар 24 телеарнасы