376,72 406,00 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда «Алтын жүрек» сыйлығын табыстау рәсімі өтті

  • 609
  • UPD: 15:31, 28.10.2018

Алматыда қайырымдылық саласындағы «Алтын жүрек» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Уақыты мен қаржысын аямай қоғамның дамуына атсалысып келе жатқан мейірбан жандарды марапаттау игі дәстүрге айналған. 

«Алтын жүрек» сыйлығымен марапаттау биыл 12-рет өтіп отыр. Ұйымдастырушылар 2012 жылы 12-номинацияны қосқан екен. Ол «Қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі үшін» деп аталады. Оның да жөні бар. Өйткені бүгінде экология да өзекті мәселенің біріне айналған.

Гүлзат Сахаова, «Алтын Жүрек» сыйлығының бас үйлестірушісі:

- Қоршаған ортаны жақсыландыруға, тазартуға деген көптеген жақсы-жақсы шаралар өткізіліп жатыр. Жаңа номинация бойынша 20 шақты өтініштер келіп түсті. Бірінші жыл болса да бұл аз емес деп ойлаймыз. Жылдан-жылға көбейе түсер.  

Биыл байқауға Қазақстан бойынша 300-ге жуық өтініш түскен. Олардың барлығы сарапшылар мен қоғамдық кеңестің қарауынан өтіп 12-сі  «Алтын Жүрек» сыйлығының иегері атанды. Солардың бірі Үштөбелік Гүлнәр Қабылбекова. Қабылбекова отбасылық балалар үйінде 12 бала тәрбиеленуде. Жетімдерді жебеп, ел қатарына қосуға жалғыз ұлының өлімі себеп болған екен.

Гүлнәр Қабылбекова, «Алтын Жүрек» сыйлығының иегері:

- Сағат төртте тұрып, жүрегім детдомға шақырды мені. Сол сағат тоғызда әкімге барып, Құдай үшін мені детдомға жұмысқа кіргізіңізші. Техничка болайын, хоть туалетті тазалайын. Хоть дворник болайын детдомға кіргізіп беріңізші дедім. Сол содан кейін ночной воспитатель қылып кіргізді. Содан бәрі басталды.  

Ал дәрігер Роза Әлімханова «Денсаулық сақтау саласына қолдау көрсеткені үшін» аталымында «Алтын жүрек» сыйлығына ие болды. Операциясыз, гипстік таңусыз емдеу тәсілін ойлап тапқан ортопед-дәрігер екі мыңнан астам баланы аяғынан тұрғызған.

Роза Әлімханова, «Алтын Жүрек» сыйлығының иегері:

- Ұйымдастырушыларға еңбегімді елегені үшін алғысымды айтамын. Мен өмір бойы бірақ нәрсені армандап келе жатырмын. Елімізде мүгедек балалар болмаса екен деп тілеймін.

«Алтын жүрек» сыйлығы «Жыл меценаты», «Жыл ұйымы», «Жылдың қайырымды адамы» секілді номинациялар бойынша да берілді. Кешке қатысқан зиялы қауым өкілдерінің айтуынша ізгілікке жаны құмар жандардың игі істерін насихаттап тұрған еш артық етпейді. Керісінше олардың мерейін өсіреді.   

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы