384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Дипломмен ауылға»: Түркістан облысында 863 маман ауылды жерлерде жұмысқа орналасты

  • 957
  • UPD: 22:00, 09.12.2018

Түркістан облысы еліміз бойынша «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жүзеге асыруда көш бастап тұр.

Өткен жылы өңірде 700-ге жуық жас маман ауылдық жерлерге барып, жұмысқа орналасқан. Ал биылғы жылы қызметке кіріскен 863 жас маманның 314-і баспаналы болыпты. Кентау ауданында да осы жоба аясында жұмысқа тұрып, тіршілігін түзеген жастар аз емес. Сонымен қатар аудандағы жастар орталығы да жастарға бағыт-бағдар беріп отырады.

Бұл – Байалдыр ауылдық округінің мәдениет үйі. Клуб меңгерушісі Гүлнұр Дүйсенбиева ауыл балаларына сахнада өнер көрсетудің қыр-сырын үйретіп жатыр. Жас маман Отырар ауданының тумасы. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін актерлік өнер мамандығы бойынша бітірген. Жолдасы екеуі «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен осында келіп жұмысқа орналасыпты. Қазір екі баланың анасы өз жұмысына дән риза.

Гүлнұр Дүйсенбиева, Байалдыр ауылдық округінің тұрғыны:

- Құдайға шүкір, баспанам бар, жұмысым бар. Ауылдағы жас бүлдіршіндерге сабақ беремін. Өзіме осы жұмысым ұнайды. Осы бағдарламаның шыққанына үлкен рақмет айтамын. Жастарға айтарым, қолдарына дипломдарын алса, мен сияқты ауылға келіп жұмыс істесін, мен сияқты баспаналы болсын.

Бүгінде Кентау қалалық Жастар орталығы жастардың жиі бас қосатын орнына айналған. Мұнда Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жастарға кеңінен насихаттау мақсатында «электронды үкімет» жүйесі енгізілген. Жастар өздеріне қажетті барлық ақпаратты осы жерден келіп алады.  

Ерлан Жамалов, Кентау қаласының тұрғыны:

- Бұрын ХҚКО барып, кезекке тұрып, уақытымыз кететін еді. Ал Жастар орталығы ашылғалы бері қажетті құжаттар, мекенжай анықтамаларының бәрін осы жерден тез алуға болады.

Жалпы, орталықта жастарға қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, белгілі кәсіпкерлердің қатысуымен жастарды кәсіпкерлікке баулып, кепілсіз несие беруге бағытталған түрлі семинар-тренингтер өтіп тұрады. Сонымен қатар жастарды солтүстікке қоныс аударып, сонда қалып жұмыс істеуге насихаттайтын бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылады. 

Қанат Бекметов, Кетау қалалық жастар орталығының жетекшісі:

- Бүгінгі таңда жастарға не қажет? Ол – жастар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында бос уақытын қалай өткізеді, соған жастарды бейімдеу. Екіншісі, біздің мемлекеттік бағдарламамыз бар, яғни жастар көбіне тұрғын үй, қолжетімді баспана, «Дипломмен ауылға», «Серпін» бағдарламасына қатысты кеңес береміз. Тоғызқұмалақ үйірмелері, ұлттық құндылықтар, ұлттық ойындарымызды қайта жаңғырту мақсатында түрлі үйірмелер жұмыс істейді. 

Сондай-ақ алдағы 2019 жыл Жастар жылы болғандықтан, оларды жұмыспен қамтып, сапалы білім алуына бағытталған кешенді жұмыс жоспары бекітілген. Қала әкімінің қолдауымен спорт алаңдары да ашылыпты. Жалпы, Түркістан облысында бес жүз мыңнан аса жас бар. Бұл облыс халқының 26 пайызын құрайды. «Серпін-2050» жобасы аясында 1 589 жас солтүстік өңірлерде білім алып жатыр. Ал биылғы жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде жұмысқа тұрған 863 жас маманның 314-і баспаналы болған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы