383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бурабай баурайында дәстүрлі «Қансонар» турнирі өтті

  • 616
  • UPD: 22:07, 13.12.2018

Бұл байрақты бәсеке былтырдан бері халықаралық деңгейде өтіп келеді. Биыл еліміздің құсбегілерінен бөлек, Ресей, Мажарстан, Испания, Моңғолия, Қырғызстан, Қытай, Түрікменстан және Біріккен Араб Әмірліктерінен саятшылық өнерінің майталмандары жиналды. 

Дамир Берікұлы, damir130788@twitter.com:

- Қансонарда бүркітші шығады аңға, тастан түлкі табылар аңдығанға. Қазақтың осы бір төл өнерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мақсатында өткізіліп келе жатқан бұл жарыс биыл Көкше өңірінде 13-ші рет ұйымдастырылып отыр. Ал, былтырдан бері халықаралық деңгейге көтерілген бұл турнирді Бурабай баурайында өткізу дәстүрге айналып келеді.

Биылғы турнирге бас-аяғы 40-қа жуық құсбегі жиналды. Сала мамандарының айтуынша, халықаралық турнирді Азия чемпионатына балауға болады. Себебі, деңгейі жоғары. Жүлде қоры да қомақты. Ал турнирдің мәртебелі қонағы Моңғолия еліндегі қандасымыз, қарындасымыз Айшолпан Нұрғайып. Жас та болса, бас болып жүрген қыз бала жарыста құс ұшырып, өз шеберлігін көрсетті. 

Айшолпан Нұрғайып, бүркітші:

- Өзім 8 жасымнан бастап бүркіт баптауды үйрендім. 10 жасымнан бастап папаммен бірге тау-тасқа аңға шықтым. Одан 13 жасымнан бастап бүркітшілер тойына қатыстым. Ал 2014 жылы бас жүлдені өзім жеңіп алдым. Шақыру деген болады 5 секунд, шырға деген болады ол 6 секунд, сөйтіп рекорд жаңартып, содан жеңдім. Әрине менің мақсатым бар. Өз атымнан бүркітшілер қорын ашып, балаларды үйрету.

Аңшы құстар еркін ұшу және шырғаға салу сайыстары бойынша сынға түсті.  Айта кетейік, соңғы жылдары бұл  турнирдің ережесі  өзгерді.  

Арман Қошқаров, қатысушы /Атырау/:

- Негізі ережеде бекітілген бірінші қолға шақыру деген. 500-600 метрден қолға шақырасың. Одан кейін шырға тарту. 300 метрден жоғары шырға тартылады. Одан кейін еркін ұшыру деген бар. Одан кейін барып қоян ережеде, түлкі, сосын шибөрі болу керек болған ережеде. Негізгі ережеде секундты алып тастаған. Мына жақта бірақ секунд қылып жатыр ғой қазір енді. Қырандығын анықтай алмайсың. Негізі, бүркіттің қырандығын анықтайтын ол түлкі мен шибөрі ғой. Ал уақытты шектеу деген ол қыран құсқа дұрыс емес ол.

Жалпы биылғы бәсеке Тәуелсіздік күніне орай және ақмолалық атақты құсбегі Мәсіп Батырханұлын еске алу құрметіне арнайы ұйымдастырылып отыр. Жарыстың қорытындысы бойынша халықаралық турнирдің бас жүлдесін, яғни темір тұлпарды жеңіп алды. Ал басқа да жүлдегерлерге  бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Руслан Тумырзин, турнир жеңімпазы:

- Мен былтыр да қатысқам осы бүркітшілердің жарысына. Бірақ та бағы жанбады. Биыл Аллаға шүкір ұтып жатырмыз. Өзім қуаныштымын. Бүркітке рахмет ең бірінші. Осы жарысқа мен жаздан бері дайындалып келе жатырмын. Бүркітімнің аты Ақиық. 

Дамир Берікұлы, damir130788@twitter.com:

- Жалпы соңғы жылдары Бурабайда осындай айтулы шараларды өткізу бір жолға қойылып келеді. Мұның барлығының түп мақсаты – курортты өлкеде туризмді мейлінше дамытып, туристер қатарын көбейту.

Авторлары: Д.Берікұлы, А.Полянный, Е.Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы