387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысының 99,8% табиғи газбен қамтылған

  • 1015
  • UPD: 19:51, 05.01.2019

Соңғы 2 жылда аймақта 500 шақырым газ құбыры тартылып, 22 миллиард теңгенің жұмысы атқарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалған бірлі-жарым ауылдарға көгілдір отын биыл жеткізіледі. Осылайша, жергілікті билік 2019 жылы мұнайлы өлкені толық газбен қамтуды жоспарлап отыр.

Мұнайлы ауданындағы Басқұдық елді мекенінде үлкен қуаныш. Ақтау қаласының іргесіндегі ірі ауылға көгілдір отын жетті. 2,5 шақырым жерге газ құбыры тартылып, 100 үйге табиғи газ берілді. «Енді от жағып, күл шығару машақатынан біржола құтылдық», - дейді қуанған тұрғындар.

Шәрбат Тілеуова, Басқұдық ауылының тұрғыны:

Бүгін міне, ақ түйенің қарны жарылып, біздің Ерболатымыздың үйіне газ келіп, қуанып жатырмыз. Бұл біздің мемлекетіміздің саясатының дұрыстығы, біздің халықтың әл-ауқатының жақсаруы. Мына үлкен үйді жылытуға осы уақытқа дейін электр тоғын пайдаланатын едік. Оған көп ақша төлейтін едік. Киініп жүретін едік үйдің ішінде. Енді бүгіннен бастап жылынайын деп тұрмыз.

2018 жылы Бейнеу, Түпқараған және Мұнайлы аудандарын газдандыру жұмыстары жүргізілді. 1 миллиард 200 миллион теңгеге 11 жоба жүзеге асырылды. Қазір аймақтағы 58 елді мекеннің 53-і көгілдір отынмен қамтылған. «Қалған 5 ауылға кезең-кезеңімен табиғи газ беріледі», - дейді облыстық энергетика және тұрғын үй шаруашылық басқармасының басшысы.

Жандос Сәлімов, облыстық энергетика және ткш басқармасының басшысы:

- Күн тәртібінде 123 үйді, яғни 807 тұрғыны бар 5 елді мекенді газбен қамту ісі тұр. Бүгінде Маңғыстау ауданындағы Теген және Тасмұрын ауылдарын газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді.

2019 жылы 7 миллиард теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асады. Ақтау қаласы мен Мұнайлы және Түпқараған аудандарында жер учаскелеріне газ құбыры тартылады. Бұл ондаған тұрғынүйдің бой көтеріп, жүздеген тұрғынның баспанамен қамтылуына мүмкіндік береді.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы