384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада үлескерлер мәселесін шешудің жол картасы құрылды

  • 546
  • UPD: 21:32, 09.01.2019

Астана қаласы активінің отырысы өтті. Жиын барысында қала әкімі Бақыт Сұлтанов шаһардың тұрғын үй құрылысы мәселелеріне тоқталып, алданған үлескерлер проблемасын шешуді сөз етті. Өткен жылды қорытындылаған қала басшысы биылғы жылға арналған жоспарларымен де бөлісті.

20 жылда Астана аумағы үш есе өскен. Осы аралықта 20-дан астам республикалық және қалалық деңгейдегі денсаулық сақтау нысаны мен 300-ден аса балабақша салынған. Қаланың даму жоспарындағы негізгі бағыттардың бірі - тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Президенттің «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары аясында Астананың екінші деңгейлі банктері жалпы сомасы 20 млрд теңгеге несие рәсімдеді. Бұл 1400 отбасыны баспанамен қамтамасыз етеді.

Бақыт Сұлтанов, Астана қаласының әкімі:

- Бағдарлама қолжетімді болу үшін жергілікті бюджеттен әлеуметтік көмек ретінде 1 млн теңге бөлеміз. Бұл білім беру, денсаулық сақтау және полиция қызметкерлеріне тұрғын үй сатып алу үшін алдын-ала төлем жасауға көмек болады. Жаңа жылға дейін біз алғашқы 100 субсидияны сертификат түрінде бөлдік, 2019 жылы біз тағы 2 мың субсидия ұсынамыз.

Елордада шешімін таппаған мәселелердің бірі - құрылысы аяқталмаған нысандар. Қазіргі таңда қалада мұндай 29 ғимарат бар. 10 мыңнан астам үлескер баспаналарын жылдап күтіп жүр. Олардың мәселесін шешу үшін арнайы жол картасы құрылды.

Бақыт Сұлтанов, Астана қаласының әкімі:

- Алданып қалған үлескерлердің мәселесін қолға алдық. Жол картасы нақты экономикалық есепке негізделген және 2022 жылдың аяғына дейін құрылысы аяқталатын барлық проблемалық нысандарды қамтиды. Жақын арада бұл мәселе шешімін табады деген ойдамын.

2030 жылға қарай елордадағы тұрғындардың саны 2 миллионға жетеді екен. Демек, шаһардың аумағын кеңейтіп, халықтың еркін өмір сүруіне жағдай жасауды қазірден ойлану қажет. Бақыт Сұлтанов алдағы 5 жылда Астананы дамытуға 6 триллион теңгеге жуық инвестиция бөлінетіндігін айтты. Құрылыстың да қарқыны дамып, 2023 жылға дейін 10 миллион шаршы метр үй пайдалануға беріледі.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Нұрғали Мамырбае

Хабар 24 телеарнасы