388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Аягөздегі жылу қазандығы мемлекетке қайтарылады

  • 954
  • UPD: 21:35, 11.01.2019

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерді жылытатын қазандық мемлекет иелігіне қайтарылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені қыс басталса болды жылу мәселесі тұрғындардың мазасын қашырумен келеді.

Маңызды нысан 1998 жылдан бері жеке кәсіпкердің иелігінде. Содан бері бірде бір рет күрделі жөндеу жүргізілмепті. Жергілікті әкімдік әбден тозығы жеткен қазандықтың қалыпты жұмыс істеуі үшін күш салуда.

1975 жылы тұрғызылған мына қазандық шаһар орталығындағы 40 көпқабатты үй мен 10 шақты әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Солардың бірі - Абай даңғылындағы №29 үй. Индира Мұхамадиева 12 жыл бұрын осы үйден пәтер сатып алған. «Содан бері қыста жылуға жарымай келеміз», - дейді.

Индира Мұхамедиева, Аягөз қаласының тұрғыны:

- Үйде жылытқыш тұрғанда 14 градус болып тұр, жатын бөлмесінде одан төмен, ал енді кішкене аяз көтерілсе 7 градус, 10-11 градус, ваннада 4 градус. Біз ұлды шынын айтса, «далада футбол ойнашы, далада кішкене жылынып келші дейміз», содан жылынады. Ал бұл қыз қазір үйде күні бойы. 20 шақты күн бала ауырып жатады.

Бауыржан Момышұлы көшесінің тұрғындары да жылу мардымсыз болғандықтан, электр қуатын шамадан тыс тұтынатын болыпты.

Риза Сабырбекова, Аягөз қаласының тұрғыны:

- Жылытқыш қоспаған кезде жарыққа 2000, 2500 теңге төлейтінбіз. Қазір мысалы 4 мыңға ақшасы келіп тұр. Сонда маған 4 мың теңге жарыққа төлеуге, 8200 теңге жылуға төлеуім керек болады. Ол маған қосымша шығын болады. Аяз келе жатыр, үйдің іші салқын, жылы киініп, қабат-қабат киініп отырмыз.

Орталықтағы №7 орта мектептің оқушылары да сабақта киіммен отыруға мәжбүр. Мұғалімдер еріксіз жылытқыш пайдаланады.

Бауыржан Нүкібаев, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары:

- Жекеменшікте болғандықтан қазір күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеген. Антимонополияның қойған тариф бойынша ағымдағы жөндеулер жүргізіледі. Әкімшілік жағынан жұмыс істеп жатырмыз, қазандықтың біраз нәрсесін ауыстырдық. Мемлекет тарапынан сатып алудың мәселесін қарап жатырмыз.

Кәсіпкер Асқар Тәуірбаевқа бұл қазандық 2013 жылы марқұм болған әкесінен мұрагерлікке қалған. Жылу мекемесенің өкілі Санам Мамашаеваның айтуынша, нысанды қайта жаңғыртуға кәсіпкердің қалтасы көтермейді, сондықтан сатудан басқа амал қалмапты.

Әзірге қазандық осылайша, қолмен көмір лақтырып, ілдалдамен әрең жұмыс істеп тұр. Ескіні жамағанның есі кетеді. Елу жылда ел жаңа демекші, болашақта тоғыз жолдың торабында орналасқан қала тұрғындары үшін заман талаптарына сәйкес келетін жаңа жылу орталығын салу да жоспарда бар.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов

Хабар 24 телеарнасы