420,18 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Абу Даби Плаза» құрылысында жұмыс істейтін қазақстандықтар саны артады

  • 1572
  • UPD: 23:18, 12.01.2019
«Абу Даби Плаза» құрылысында жұмыс істейтін қазақстандықтар саны артады

Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов «Абу-Даби Плаза» көпфункционалды кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Нысанда атқарылған жұмыстардың жалпы көлемі 82% құрайды. Барлық блоктардың құрылысы жалғасып жатыр. «R» блогында кірпішпен қалау, әрлеу және инженерлік жүйелерді орнату жұмыстары жүргізілуде.

Басқа блоктарда инженерлік жүйелер мен жабдықты орнату, әрлеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ауа өткізгіш жүйелер, инженерлік жүйелер мен аспалы панельдер құрастырылып, дайындалатын өндірістік цехтың құрылысы аяқталған.

Зәулім ғимаратты салып жатқан құрылыс компанияларының өкілдері блоктардың құрылысын аяқтау мерзімін атады. Осылайша «H» және «P» блоктары наурызда, «Z», «O» және «Y» блоктары маусымда пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. «R» блогының құрылысы 2019 жылдың маусымында аяқталмақ.

Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда «Абу-Даби Плаза» КФК жобасы бойынша 1400 жұмыскер еңбек етеді. Олардың 56%-ы Қазақстан азаматтары.

Айта кету керек, 2019 жылдың шілдесіне дейін мұндағы жұмыскерлердің саны 2350 адамға дейін арттырылатын болады. Бұл ретте жергілікті жұмыскерлердің саны 3-4 есеге немесе 1605 адамға арттырылады деп күтілуде. Ал шетелдік жұмыс күші 3,6 есеге немесе 745 адамға ұлғайтылмақ. Шілдеде жұмыскерлердің санын 3300 адамға дейін арттыру көзделуде. Олардың 60-65%-ы жергілікті кадрлар.

«Біз басқарушы компаниямен бірлесіп, қазірдің өзінде, яғни бір жыл бұрын ғимаратқа қызмет көрсететін мамандарды даярлау жұмыстарын бастауымыз керек. Біз мамандарды қазақстандықтардан алдын ала дайындай алуымыз қажет», - деді Астана әкімі Бақыт Сұлтанов.   

Кездесу барысында белгілі болғандай, бүгінгі таңда жұмыскерлерге жалақы төлеу бойынша проблема жоқ.  

«Жалақы бойынша қарызға қатысты ешқандай шағым жоқ. Төлемдерді уақытында алып отырғандықтан мердігер бұған бара алмайды», - дейді Aldar Properties PJSC жобасын басқару жөніндегі аға вице-президент Абдель Хамид Гоул.

«Абу-Даби Плаза» кешені түрлі саладағы блоктардан тұрады. Мәселен, онда кеңселер, қонақ үй, мейрамханалар, сауда орталығы, тұрғын үй кешені орналасады. Кешеннің құрылысы 2011 жылдың наурызында басталған болатын. Құрылыс жұмыстары 2020 жылы аяқталады деп жоспарланған. «Абу-Даби Плаза» Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең биік ғимарат болмақ. Оның биіктігі 78 қабатты немесе шамамен 382 метрді құрайтын болады. «Абу-Даби Плазаның» жалпы ауданы 510 мың шаршы метрден аспақ.

astana.gov.kz

Хабар 24 телеарнасы