384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысының тұрғындары қайта есептелген мөлшердегі зейнетақыға қол жеткізді

  • 695
  • UPD: 22:10, 18.01.2019

Қызылорда облысы бойынша 225 мыңнан астам зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың төлемдері қайта есептеліп, жаңа мөлшермен беріле бастады. Бұл өзгеріс елімізде 1 қаңтардан бастап жалақы, зейнетақы мен жәрдемақы көлемінің өсуімен тікелей байланысты. Жыл басынан елімізде ең төменгі жалақы 1,5 есеге ұлғайса, жасына байланысты берілетін зейнетақы 7 процентке, ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 5 процентке көбейді.

Білімді ұрпақ - ел болашағы. Қызылордалық Рахила Достаеваның өмірлік ұстанымы осындай. Бүгінде немерелерінің қызығын көріп отырған ардагер ұстаздың зейнеттік демалысқа шыққанына 1 жарым жыл болды. Сол уақыттан бері зейнетақысы екі мәрте көбейген.  

Рахила Достаева, қала тұрғыны:

- Мысалы, мен өзімнің немерем Дариғаның тілдер курсына баратын оқу ақысын төлеймін. Сондай-ақ кішкене немерем Маликаның ай сайын депозитына төлемақы аударып тұрамын. Бұл тәрбиелі, білімді ұрпақ біздің еліміздің болашағы.

- Әрине қазір жас ата-аналардың қолы жұмыстан босай бермейді ғой. Сондықтан біздің ағылшын курсына көбіне немерелерін әжелері жетектеп келеді.

- Иә, мұныңыз рас...

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

-  Сыр өңірінде Рахила Достаева секілді бейнеттің зейнетін көріп отырғандар саны бүгінде 72 мыңнан асты. Әрине түрлі қызмет көрсету саласы мен азық-түлік бағасы құбылып тұрған шақта, зейнетақының да көбейгені керек.

ЕҢ ТӨМЕНГІ ЗЕЙНЕТАҚЫ МӨЛШЕРІ АРТТЫ

ОРТАҚ ЗЕЙНЕТАҚЫ – (7%) 36108 тг

БАЗАЛЫҚ ЗЕЙНЕТАҚЫ – (5%) 16 037 тг

ЕҢ ТӨМЕНГІ ЗЕЙНЕТАҚЫ МӨЛШЕРІ – 52 145 тг

Осы ретте ең төменгі ортақ зейнетақы былтыр 33 мың 745 теңге болса, биыл 36 мың 108 теңгеге жетті. Сондай-ақ былтыр 15 мың 274 теңге болған ең төменгі базалық зейнетақы 16 мың 37 теңге болды. Міндетті зейнетақы аударымдарын енгізгенге дейін зейнеткерлік демалысқа шыққан азаматтар үшін ең төменгі зейнетақы мөлшері 52 мың 145 теңгеге тең. Ең төменгі ортақ, базалық және жинақтауыш компоненттерді қосқанда, 68 мың 182 теңгеге тең ең төменгі жиынтық көлемі шығады.

Дегенмен, жыл басынан бастап әйелдер 59 жастан зейнетке шығады. Мұнан бөлек еңбек қабілеттілігінен, асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың төлемдері 5 пайызға артты.

Фарида Едігеева, облыстық  еңбек, әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім басшысы:

- Яғни арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, мемлекеттік арнайы жәрдемақылардың мөлшері айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты көбейтілді. Бала тауылғанда берілетін бір жолғы жәрдемақылардың да мөлшері өзгерді. Мысалы 3 бала туылғанға дейінгі бір жолғы берілетін жәрдемақының мөлшері +4,5 мыңға көбейіп отыр. Ал 4 және одан да көп бала туған аналарға берілетін бір жолғы жәрдемақының мөлшері +7560 теңгеге көбейіп отыр.

Қазақстандықтардың ең төменгі жалақысы да қаңтардан бері 42 мың 500 теңгені құрады. Яғни 1,5 есе өсім бар.

Гауһар Қалмақова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:

- Жалақының өсуі бюджеттік ұйымдардағы біліктілігі төмен қызметкерлерді ғана қамтиды. Егер біздің облыс бойынша 52 мыңнан астам азаматтық қызметшілер жұмыс істейтін болса, олардың тек 25 мың 303-інің ғана жалақысы көбейеді. Оған республикалық бюджеттен 4,7 миллиард теңге бөлінді.

Осы ретте Қызылорда облысы бойынша 97 кәсіпорын өз қызметкерлерінің еңбекақысын 37 мыңнан 55 мың теңгеге дейін көтеруге ниет білдірген. Бұл бастаманың игілігін 3 мыңнан астам қызылордалық көре алады екен.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы