384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында жүрек ауруларының өлім-жітім көрсеткіші азайды

  • 831
  • UPD: 15:25, 20.01.2019

Елімізде «Денсаулық» бағдарламасының шеңберінде кардиохирургиялық қызмет қарыштап дамып келеді. Отандық дәрігерлер шетелдік әріптестерімен иық тіресіп, халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетуде. Бүгінде жоғары технологиялық операциялардың жаңа түрлерін енгізуде павлодарлық кардиохирургиялық орталық алдыңғы қатарда тұр. 

Елімізде соңғы жылдары бес бірдей кардиохирургия орталығы ашылды. Ал Павлодар облысында тұтас бір кластер құрылып, бірнеше медициналық қызмет біріктірілді. Алты жылда 20 мыңнан астам операция жасалған. Олардың жеті мыңнан астамы - ашық жүрекке.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Ертіс өңіріндегі кардиохирургиялық орталық еліміздегі ең жас медицина ұйымдарының бірі. Бүгінгі таңда бұл жерде бір жылдың ішінде төрт мыңнан астам операция жасалады. Хирургиялық әрекеттердің мыңнан астамы ашық жүрекке тиесілі. Айта кетейік, бүгінгі таңда орталықтың білікті мамандары жүре коперацияларының 50-ден астам түрінің технологиясын меңгерген.

Әділ Дюржанов, аймақтық кардиохирургиялық орталықтың директоры:

- Кардиохирургиялық кластердің қызметі жемісін берді. Біз жедел медициналық көмек, санавиация, емханалық және кардихирургиялық қызметті біріктірдік. Нәтижесінде жүрек патологияларынан келетін өлім-жітім 30%-ке, ал жүрек ақауларын ерте кезде анықтау көрсеткіші 100%-ке жетті.

Орталық мамандары жүрек соғысының бұзылуын емдеудің озық технологиясын меңгерген. Сырқаттар арасында кең тараған ауруға шалдыққандар дәрігерлердің жіті бақылауында. 

Дамир Қапшақбаев, электрофизиологиялық зертхананың меңгерушісі:

- Жүрек соғысының бұзылуын емдейтін бөлімшсе болмаған кезде сырқаттар Алматы, Астана қалаларына, тіпті, шетел асып сабылатын. Бүгінде біз халықаралық стандарттарға сай қызмет етеміз. Пациенттер сапалы медициналық көмек көрсету үшін заманауи навигациялық жүйені енгіздік. 

Ал Ақтөбедегі кардиохирургиялық орталықтың 11 жылдық тарихы бар. Мамандар күрделі операцияларды жасаудың озық тәсілдерін меңгерген. Мекеме дәрігерлерінің дені – жергілікті университет түлектері. Олардың барлығы Еуропаның үздік емханаларында тәжірибе жинақтаған.

Берік Қасымов, М. Оспанов атындағы БҚММУ медицина орталығының бөлім меңгерушісі:

- Онкоорталық пен кардиоорталық болғаннан кейін біздер онкологиялық науқастарды, жүректің ақауы бар науқастарға екі бригадамен бір мезгіл операция жасаймыз. Олардың да нәтижелері жақсы. Ол операциялардың техникасы бізде жақсы бейімделген.

Ал Таразда ғылыми-клиникалық орталық мамандары трансплантология саласын меңгеруде. Дәрігерлер созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар азаматтың жүрегіне жасанды қарынша қойып, өмірін ұзартқан. Мұндай күрделі хирургиялық араласуға жүздеген науқас зәру. Операциялардың 90%-тен астамы мемлекет есебінен жасалады.

Сейітхан Жошыбаев, кардиохирург:

 - Біздің әзір есебімізде былтыр 250 адам болатын болса, соның 35-і қайтыс болып кетті. Себебі, жүрек шаршап оны алмастыруға ешқандай мүмкіншілік жоқ, әры қарай өмір сүру қиын болып  қайтыс болып кетті де, ал біз соларға жасанды жүрек қойып, әрі қаратай өмірін ұзартуға және  өмірін өзінің деңгейін де жоғары ұстауға болады.

Өткен ғасырдың 90-жылдары бір жылда елімізде жүрекке небары 500 операция жасалса, соңғы жылдары бұл көрсеткіш еселеп артты. Нәтижесінде Қазақстан кардиохирургиялық қызметінің дамуы бойынша үздік елдердің қатарына енген.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Мансұр Есқожин, Қырмызы Молдабекова және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы