432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарлық жас дизайнерлер ұлттық киім топтамасын таныстырды

  • 2627
  • UPD: 14:05, 25.01.2019
Павлодарлық жас дизайнерлер ұлттық киім топтамасын таныстырды

Ертіс өңірінің жас дизайнерлері «Кербез» атты ұлттық киімдердің топтамасын таныстырды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Шығармашыл жастар қазақ халқының киім-кешегін бүгінгі заман ағымына бейімдеуге тырысқан. Себебі, күнделікті тұрмыста ұлттық киімдердің аясы тар. Жастар жылы шеңберінде ұйымдастырылған шара жұртшылықтың қызығушылығын тудырды. Тұсаукесерге жиналған қауым ұнатқан оюмен өрнектелген камзол көйлектерді киіп көру мүмкіндігіне ие болды. Отандық киім үлгілерінің аясын кеңейту мақсатында жастар тігін студиясын ашпақ. 

Айта кетейік, бұл – қайырымдылық бағытындағы шара. Көрсетілім аясында бәссауда ұйымдастырылып, жиналған қаражат көмекке зәру отбасыға табысталмақ.

Санира Жүсіпова, облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы:

- Елбасы айтады ғой, қазақстандық киімдерді кию керек деп. Елбасының сөзін тыңдап және де «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында біз жастарға, жалпы, қонақтарға, қазақстандық тұрғындарға біздің ұлттық мейрамдарды тоспай, күнделікті кие алатын ұлттық киімдерді шығардық.

Аида Бихиянова, дизайнер:

- Мақсатымыз – ұлттық киімдерді күнделікті өмірге бейімдеу. Себебі, біз ұлттық киімдерімізді көбінесе мерекелерде ғана киеміз. Жаңа топтамада әйелдер, ерлер мен балаларға арналған киімдерді ұсындық. Коллекцияға барқыт пен шифон маталарын пайдаландық. Алдағы уақытта аямыз кеңейеді деген үміттеміз.

Хабар 24 телеарнасы