380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайлық оқушы автоматтандырылған көкөніс қоймасының жобасын жасады

  • 639
  • UPD: 14:38, 29.01.2019

Қостанайлық 9-сынып оқушысы Ксения Богданчикова автоматтандырылған көкөніс қоймасының жобасын жасап шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жас өнертапқыштың тың технологиясы кәсіпкерлер назарына ілікті. Тіпті көкөніс өсірумен айналысатын облыстағы ірі компаниялардың бірі Ксения Богданчикованың жобасын өздерінде тәжірибеден өткізіп көруге ниет білдірген.

Мектеп оқушысы Ксения Богданчикова автоматтандырылған көкөніс қоймасының жобасына бір жыл бұрын ден қойыпты. Бір қарағанда технология аса күрделі емес. Қойманың іші-сыртында орнатылған құрылғылар температура, ылғал мөлшері жайлы орталық пультке хабарлама беріп тұрады. Соның негізінде автоматты түрде қолайлы климат қалыптасып отырады. Бұл жүйені әлемнің әр түкпірінен басқаруға болады.

Ксения Богданчикова, жас өнертапқыш:

- Кәсіпкерлермен кездескенде көкөніс сақтауда бірқатар мәселелер бар екенін білдім. Мысалы ылғал жетіспеушілігінен көкөніс кеуіп, салмақ жоғалтады. Сондай-ақ сапасы төмендеп, дәмі өзгереді. Сондықтан температурамен қатар ылғалдылығын бірқалыпты ұстайтын жүйе енгізгенді дұрыс деп шештік.

Өңірдегі ірі шаруашылықтардың бірі көкөністің бес түрін өсіреді. Былтыр 13,5 мың тонна өнім алған. Бірақ соларды, әсіресе, картопты сақтауда қиындықтар бар. Жабдықталған қоймалары болғанымен, ылғалдың төмендігінен жалпы өнім көлемнің 10-15% жоғалтады екен.

Владимир Семейкин, шаруашылық басшысы:

Егер Ксенияның автоматтандырылған қондырғысы ылғал мөлшерін бақылауға мүмкіндік беретін болса, біз үшін ол таптырмас құрал. Әрине, мұндай технология әлемде бар екендігін білеміз, Еуропадан алдыртуға болады. Бірақ олардың бағасы тым қымбат.

Мұндай құрылғы өзімізде шығарылса, әрине, тиімді. Жергілікті көкөніс өндірушілердің Ксения Богданчикованың жобасына қызығушылық танытып отырғандығы да сондықтан. «Қазір олар үлгіні өз алаңдарында сынап көруге дайын. Егер бәрі сәтті өтсе, инвестиция салуға әзірміз», - дейді кәсіпкерлер.

Авторлары: Мағауия Қалиев , Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы