427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде әскери қызметкерлер баспаналы болды

  • 1200
  • UPD: 15:23, 31.01.2019

Ақтөбеде әскери қызметкерлер «Әскери баспана» бағдарламасы бойынша үй алып жатыр, деп жазады «Хабар 24» тілшісі.

Алғашқы жарна пәтер бағасының 10 пайызын құрайды. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы берілетін несиенің жылдық мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайды.

Қасымхан Мединаевтың бала-шағасы жаңа үйге кіріп қуанып жүр. Енді әрқайсының өз бөлмесі бар. «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған коттедж үйде бар жағдай жасалған. Әскери қызметкер тұрақты баспанасы болмағаннан кейін, ұзақ жыл пәтер жалдап жүрген. Енді арнайы бағдарламамен арманындағы үйге қол жеткізді.

Қасымхан Мединаев, Қарғалы аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы:

- Осындай баспанаға қол жеткізіп жатырмыз. Отбасымызбен өте қуаныштымыз. Бір талабы жерде кезекте тұру керек болды. 2010 жылдан бері жерге кезекте тұрған болатынмын. Соның арқасында осындай баспаналы болып отырмыз.

Қорғаныс саласындағы қызметкерлерге мемлекеттік бағдарламаға қатысу тиімді. Себебі, несиені әскерилердің отбасы мүшелеріне берілетін ақшалай компенсация арқылы жабуға болады. Одан бөлек, алғашқы жарнаның пайызы төмен. Ақтөбе облысында 50 әскери қызметкер баспанаға мұқтаж. Өткен жылы 6 қызметкер мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болған.

Сейіткерім Арапбаев, облыстық Қорғаныс істері департаментінің бастығы:

- Қаржының бәрін біз жинақ банкіне аударып жатырмыз. Осыған байланысты баспана беріліп жатыр. Бүгінгі таңда Қорғаныс істері департаментінде 80 әскери қызметкер қызмет атқарады. Оның 20-сы толық баспанамен қамтамасыз етілген.

Айта кетейік, өңірде «7-20-25» бағдарламасымен «Қамқор баспана» және «Жас арман» жобалары іске аса бастады. Бүгінгі күні 202 өтініш мақұлданған. Жас отбасылары мен мемлекеттік қызметшілер және жекелеген санаттағы адамдар үшін алғашқы жарна екі есеге азайды. Ол үшін жергілікті әкімдік 20 пайыз жарнаның жартысын субсидиялап жатыр.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы