389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы электрондық форматқа көшіріледі

  • 970
  • UPD: 23:20, 19.02.2019

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осылай деді.

Ведомство басшысы осы жылы 1 цифрлық және 5 көші-қон қызметтерін көрсететін халыққа қызмет көрсету орталығы қолданысқа беріледі деді. Сондай-ақ жаңа жүйені бірқатар салаға енгізу жоспарда бар, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Әр дәуірдің өз талап-тілегі болады. Қазіргі қарқын алған жаһандану үрдісінен біз де шет қалмадық. Көпке ілеспесең, көш соңында қаласың. Сондықтан «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеп едік. Іргелі жоба көптің қолдауына ие болды, түрлі салаға жаппай енгізіліп те жатыр. Былтыр 20 іс-шара жүзеге асқан екен. Осы мақсатқа бюджеттен бөлінген қомақты қаражат толық игерілген.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Отын-энергетикалық және тау-кен металлургиялық кешендерінде 4.0 Индустриясы элементтерін қолдану арқылы: еңбек өнімділігі орташа есеппен 10%-ға артты, жекелеген өндірістерде электр қуаты 33%-ға дейін үнемделді, жабдықтарды пайдалану коэффициенті 50%-ға ұлғайды. Пайдалы қазбалары бар 7 ірі кен орындарына «Интеллектуалды кен орны» және «Цифрлық бұлақ» жобалары енгізілді.

Тау-кен өнеркәсібінде өркендеу бар. Ауыл шаруашылығы саласы да қағажу қалмады. Осы күні 65 млн гектар жер цифрланған. Яғни ат шаптырым аумақтың арнайы картасы әзірленген. Бұл шаруалар ісін ширатты. Мемлекет агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың 5 түрін электрондық форматқа көшірген.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру аясында еліміздің 14 пилоттық шаруашылығында нақты егіншілік элементтері енгізілген. Осылайша фермерлердің шығындары орташа есеппен 15-20% азайып, астық өнімі 2,5 есеге артты. 2019 жылы смартфермаларды 500 шаруашылыққа дейін жеткізу жоспарланған. Мысалы, «Бараева» ғылыми-өндірістік орталығы операциялық шығындарын 15-20% төмендетті. Бұл 250 миллион теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Осылайша 198 миллион теңге пайда тапқан. Жалпы айтқанда, қазіргі уақытта 65 миллион гектар жер цифрланды.

Биыл еліміздегі мемлекеттік қызметтердің 80 проценті электрондық форматқа көшіріледі. Ол үшін бір цифрлық және көші-қон қызметін көрсететін 5 бірдей халыққа қызмет көрсету орталығын қолданысқа беру көзделген. Осы тұста көлік және логистика саласын цифрландыру ісі де кенжелеп қалмады. Қазір «Зияткерлік көлік жүйесі» жобасы жүзеге асып жатыр. Оның аясында 12 автоматтандырылған өлшеу құралы қолданылады. Тың құрылғы жолдың сапасын зерттеуге, жөндеуге жұмсалатын шығын көлемін анықтауға мүмкіндік береді.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Көлікті бақылауды автоматтандыру үшін 12 арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы енгізілді. Биыл жыл соңына дейін жаңа ақылы учаскелерде тағы да 11 арнайы автоматтандырылған өлшеу құралын іске қосу жоспарланып отыр. 2021 жылға қарай олардың жалпы санын 46 бірлікке дейін жеткізу жоспарлануда.

Цифрландыру – жаңғыруға бастайтын жол. Сондықтан кейінгі буын да бұл үдерістен тысқары қалмауы тиіс. Қазір ел мектептерінде информатика пәні тереңдетіліп оқытылып жатыр. Ондағы ой – техниканың тілін білу, робот құрастыруға бейім болу.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 76-қадамына сәйкес, мектептерде Информатика пәнін оқыту 5-9 сыныптарда аптасына 1 сағат немесе жылына 34 сағат және 10-11 сыныптарда аптасына 2 сағат немесе жылына 68 сағатқа дейін көбейді. Сонымен қатар Информатика пәні бойынша оқу бағдарламаларының мазмұны қайта қаралып, мектепте роботты техника, 3D модельдеу және машинамен оқытудың жүйелері саласында заманауи бағдарламалау тілдері енгізілді.

Жеткеніміз көп, бірақ тоқмейілсуге болмайды. Үкімет үйінде өткен жиында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыруды Елбасы жеке бақылауына алғанын айтты. Сондықтан мүдірмеу керек. Қазіргі қарқын үдей беруі тиіс.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы