383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада құдық қақпағының ұрлығы адам өміріне қауіп төндіріп тұр

  • 874
  • UPD: 20:32, 20.02.2019

Астанада үш күн бұрын іс-түссіз жоғалған Бақдәулет Өмірханның денесі табылды. 13 жастағы бала «сырғанаққа барамын» деп кетіп, қайта оралмаған. Сөйтсе оқушы үйдің маңындағы беті ашық кәріз құдықтардың біріне құлап, мерт болған екен. Оң мен солын танып үлгермеген баланың обалы кімге? Қақпақсыз қалған құдықтар үшін кім жауапты? 

Үш күн, үш түн. Полиция, Ұлттық ұлан сарбаздары, еріктілер бар - бас-аяғы 300-ден астам адам асы батпай, түнде жатпай іздеді бұл баланы. Ақпанның 16-ы күні іс-түссіз жоғалған Бақдәулет Өмірханның мәйіті кеше түнгі сағат 12-ге таяу уақытта табылды. 

Софья Қылышбекова, Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы:

- 19 ақпан күні сағат 23:40-та еріктілерден хабар келіп түскен. Бұрын іс-түссіз жоғалып кеткен, кәмелетке толмаған Бақдәулет Омарханның табылғаны жөнінде. Кәмелетке толмаған баланың мәйіті ашық түрде канализациялық құдықтың ішінен табылған. Ол қармен жабылған күйде болған.

13 жасар Бақдәулет үш күн бұрын Железнодорожный тұрғын үй алабында орналасқан әскери бөлімшенің қасындағы сырғанаққа барамын деп, үйден шығып, қайтып оралмаған.

Сөйтсе кәмелетке толмаған бала кесек қардың үстімен жолды кесіп өтпек болыпты. Осылайша қақпағы ашық құдықтардың біріне құлап кеткен деп топшылап отыр еріктілер.

Бақытбек Бидахметов, ерікті:

- Осы жағынан бастап қаздық. Қазып жатқан кезде бетіндегі қар әрі қара ішіне түсіп кетті. Сонда көрінді бала. Құлап жатыр. Арқасы бергі қабырғаға тиіп жатыр. Аяғы нетіп тұр. Жұдырығын түйіп алған. Бірақ үстіндегі курткасын шешіп тастаған. Содан тоқтатып, 14 группаны өзім басқарғанмын. Старший координаторды шақырып, милицияға звондадық.

Қайғылы оқиға орнында жабусыз жатқан тағы 10 шақты құдықтың бары анықталды. Олардың бәрі «Астана су арнасы» мекемесіне тиесілі. Коммуналдық қызмет өкілдері бұлардың бетін қараша айында кәріз құдығына 14 жасар қыз бала құлап, мерт болғаннан кейін бірден бекітіп еді. Бірақ қақпақтарды ұрылар тағы қолды еткен көрінеді дейді кәсіпорын басшылары.

Сергей Вилков, «Астана су арнасы» МКК Бас директорының орынбасары:

- Қараша айында Қошқарбаев көшесіндегі қайғылы оқиғадан кейін біз барлық канализациялық желіні аралап, ауызы ашық құдықтардың қақпақтарын жауып шықтық. Солардың ішінде күні кеше ғана 13 жасар бала құлаған құдық та бар. Өкінішке орай, ұрылар қақпақты тағы ұрлап әкеткен екен. Қазіргі уақытта біз қаладағы бүкіл құдықтарды темірбетон плиталармен жабуды шештік. 

«Астана су арнасы» қайғы жұтқан отбасыға ақшалай жәрдем көрсетпек. Бұл оқиға бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалып, қазір тергеп тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

Авторлары: Ж.Біркенов, А.Сәметов

Хабар 24 телеарнасы