378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ертіс өңірінде шағын және орта бизнес нысандарының үштен бір бөлігін әйел адамдар басқарады

  • 293
  • UPD: 20:43, 08.03.2019

Павлодар облысында шағын және орта бизнес субъектілерінің үштен бір бөлігін әйел адамдар басқарады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қырық жылдай еңбек өтілі бар Наталья Поплавец осыдан 20 жыл бұрын қосалқы бөлшектер жасалатын кәсіпорынның негізін қалаған. Онда ауыл шаруашылығы техникаларына қажет бөлшектердің түр-түрі шығарылады. Соңғы жылдары тапсырыс мұнайгаз және қорғаныс өнеркәсібі саласынан түсе бастаған.

Наталья Поплавец институтты бітіргеннен кейін Павлодардың трактор зауытына жұмысқа тұрады. Осылайша алып кәсіпорында өндірістік тәжірибе жинақтайды. Араға 13 жыл салып 400 адам еңбек ететін үлкен цехта басшылық қызметке тағайындалады. Зауыт жұмысын тоқтатқан 90 жылдары жеке кәсіп ашуға бел буған. Өндірісте шыңдалған нәзік жан үшін еш қиындық туындамапты. Ал жұмыс барысында Наталья Поплавец металдан дайындалатын бұйымдардың сапасына жіті мән беретінін айтады.

Наталья Поплавец, зауыт директоры:

– Сапа болмаса, өнімді өткізу қиынға түседі. Осындай кезде тұрақтылық туралы айтудың өзі артық. Ондаған жылдар бойы тірнектеп жинаған жетістіктерімізден айырыламыз. Сондықтан мен сапалы өнім жасаймыз деген талап қоямын.

Бір қарағанда бұл әйел адамға тән қызмет емес. Бірақ Наталья Поплавецтің іскерлігіне еңбек ұжымы әбден үйренген. Жыл санап тапсырыс түрлері де артып келеді.

Юрий Голофаст, зауыттың коммерциялық директоры:

– Алға қойған мақсатына жеткенше тыным таппайды. Өте іскер жан. Жоғары талап қояды. Бағындырған белестері де аз емес.

Қорғаныс өнеркәсібі Наталья Поплавецтің жастық шағын еске түсірген. Өйткені жас кезінде әскери техникаға бөлшектер жасайтын арнайы өндірісте еңбек етіпті. Биыл алғаш рет осы саладан тапсырыс алды. Танкілерге қандай бөлшектер жасалатыны әзірге құпия. Бірақ кәсіпорын үшін тың жаңалық.

Наталья Поплавец, зауыт директоры:

– Бұл – біз үшін өте маңызды келісім. Өнімнің сапасын бұдан да жоғары деңгейге көтереміз. Қорғаныс өнеркәсібіне баратын біздің алғашқы өніміміз. Шағын кәсіпкерлік нысаны бола тұра, әскери техниканы қажетті бөлшектермен қамтамасыз етудің маңызын айтып жеткізу қиын. Осындай мүмкіндік туғанына қуаныштымын.

Наталья Поплавец өткен жылы құрметті демалысқа шықты. Бірақ сүйікті ісін ары қарай жалғастыру үстінде. Келешекте кәсіпорын тізгінін технолог болып істейтін ұлына тапсыруды ойластырып жатыр.

Владислав Поплавец, өндіріс басшысы:

– Машина жасау саласы әйел адамға тән кәсіп емес шығар. Бірақ бұл кісі – өз ісінің шебері. Одан үйренеріміз әлі көп.

Жалпы Павлодар облысында 44 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Олардың 33% әйел адамдар басқарады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы