389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте жазасын өтеушілердің 79 пайызы жұмыспен қамтылды

  • 508
  • UPD: 18:27, 17.03.2019

Шымкентте бас бостандығынан айырылған азаматтар кәсіби білім алып, жұмыспен қамтылуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһардағы бес түзеу мекемесіндегі жазасын өтеушілердің 79 пайызы екі қолға бір күрек тапқан. Соның ішінде қауіпсіздігі жоғары ИЧ 167/2 мекемесіндегі сотталғандар сұранысқа ие алты мамандық бойынша білім алып, тұрмысқа қажетті заттарды жасап шығаруда.

Көктем мезгілі келісімен түзеу мекемесіндегі шағын цехта тіршілік қызған. Жазасын өтеуші Бекарыс Сейдахметұлы – мұнда ағаш шебері. Бұрын оның кәсіби білімі болмапты. Ұсталықты осы жерде жүріп оқып үйренген.

Бекарыс Сейдахметұлы, жазасын өтеуші:

– Бұйырғанын істеп жатырмыз. Жағдайымыз жақсы. Айлық мезгілімен төленіп жатыр.

Түрлі жағдайлармен аяғын шалыс басқандардың мұндағы тұрмыс тіршілігі осы. Қол қусырып қарап отырмай, бір кәдеге жарар үй тұрмысына қажетті заттарды жасайды. Олар шеберлігін шыңдамас бұрын түрлі алты мамандықта білім алады. Мұнда бір жылда 150 сотталған азамат оқып шығады.  

Шәймерден Есенгелдиев, қалалық ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары:

– Ең бірінші мақсатымыз сотталған азаматтарды сыртқа шыққаннан кейін қылмыс жасамай, қоғамға қайта енуіне жәрдемдескіміз келеді.

Қаныш Нарботаев, жеке кәсіпкер:

– Сотталған азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету жағын ойластырдық. Сол мәселемен осы жерден жұмыс орнын ашуды көздедік. Өзіміздің өндіріп жатқан заттарға сұраныс жеткілікті. Бізде қазір 50 адам бар. Жұмыспен қамтып отырмыз.

Темірден түйін түйіп, ағаштан ою ойған жалпы еңбектенгендердің уақыты зымырап өте шығады дейді ИЧ 167/2 мекемесінің басшылығы. Жұмысына қарай жалақысын да алады. Ал ағаштан жасалған сәндік бұйымдарға тапсырыс та жеткілікті көрінеді. Түзеу мекемесіндегі жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтыған кәсіпкерлер де өз ісін ілгерілеткен.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы