377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да көктемгі су тасқынына қарсы қандай шаралар жүргізілуде?

  • 143
  • UPD: 22:26, 23.03.2019

Солтүстік Қазақстан облысында мұз жару жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төтенше жағдайлар қызметкерлері көктемгі тасқынның алдын алу шарасын Айыртау ауданындағы Имантау көлі мен Бабық – Бұрлық, Қарасу өзендерінде өткізді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Бұл – Имантау көлі. Жағасында аттас ауыл орналасқан. Күн жылығанда көлге төбедегі еріген қар суы мен өзендер келіп құяды. Сонда судың деңгейі көтеріліп, елді мекенге жайылуы мүмкін.

«Мұздың қалыңдығы – 70 сантиметр. Ертең оның көбесі сөгіліп, сең жүрсе, кесек-кесек мұз кептеліп, су көтеріліп кетеді», – дейді құтқарушылар. Сондықтан да жару жұмыстары жүргізіледі.

Жұмабек Қапарғазин, Айыртау аудандық әкімдігі аппаратының бас маманы:

– Бабық-Бұрлық, Қарасу өзендерінде көпірлер бар. Сол көпірлерді аман сақтап қалу үшін мұз жару жұмыстарын өткіземіз. Осы көлде жару жұмыстарын өткізу мақсаты – Имантау ауылының жанындағы көлдің жанындағы орналасқан үйлерді су баспау.

Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің айтуынша, биыл көктем ерте шықты. Бірақ түн суық. Бұл далалы жерлердегі қардың қолайлы температурамен еруіне мүмкіндік берді. Дегенмен кейбір аудандарда қар әлі де қалың.

Ерік Сарыбаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

– Бізде Қызылжар, Мамлют және Мағжан Жұмабаев аудандарында әлі күнге дейін қардың қалыңдығы биік болуына байланысты қауіп төмендетілген жоқ. Сонымен қатар өздеріңізге белгілі Айыртау және Ғабит Мүсірепов аудандарында бізге Есіл өзеніне құятын кіші өзендер бар, сол өзендерде әлі судың көлемі жүрген жоқ.

Өңірде көктемгі тасқынға байланысты 92 ауыл ерекше бақылауға алынды. Оның жартысына жуығы өзен бойында орналасқан. Болжам бойынша, су сәуір айында көтеріледі.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы