379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанадағы жол апаты: Зардап шеккендер арасында Филиппин азаматшасы бар

  • 300
  • UPD: 23:31, 26.03.2019

Қазір осы іске қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Апаттан зардап шеккендерге дәрігерлер көмек көрсетіп жатыр. Әзірге 4 адамның ауыр хәлде жатқаны белгілі.

Әлеуметтік желіде тараған видео жұрттың жағасын ұстаты. Бүгін таңертең Қабанбай батыр мен Ұлы дала көшелерінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Бағдаршамның қызыл түсіне тоқтап тұрған қос автобусқа соңынан ерген қоғамдық көлік келіп жаншылады. Соққының қатты болғаны соншалық, 303-бағыттағы автобустың алдыңғы бөлігі толығымен жапырылып қалған.

Бақытжан Сәрсенов, куәгер:

– Бағдаршамның қызыл түсі жанып, барлық көлік тоқтады. Сол сәтте қатты соққы болды. Соңымыздан ерген автобус келіп соқтығысқан екен. Көлік ішінде балалар болған жоқ. Тек ересек адамдарды ғана байқадым. Сөйтіп, дереу көмек көрсетуге ұмтылдық.

Жол апатынан 27 адам жарақат алды. Арасында қос автобустың арасына қысылып қалғандары болды. Оларды аман алып қалу үшін құтқарушылардың темір кесуіне тура келді. Ал дәрігерлер жарақат алғандарға алғашқы көмек көрсетіп, жақын маңдағы ауруханаға жеткізді. Алты жолаушы әлі ауыр хәлде жатыр. Мамандар 3 науқасқа шұғыл ота жасады. Тағы үшеуі қарқынды терапия бөлімінде ем қабылдауда. Ал жеңіл жарақат алғандар тексерістен кейін үйлеріне қайтарылған.

Зәуреш Өтемісова, зардап шегуші:

– Бастапқыда мұнда қарбалас болды. Кейін дәрігерлер жағдайды өз бақылауына алды. Жол апаты кезінде жұмысқа бара жатыр едім. Автобус ішінде адам көп болған жоқ. Өте қатты дыбыс естілді. Есімнен танып қалдым. Көзімді ашсам, айналамда айқай-шу болып жатты.

Жол апаты екі адамның өмірін жалмады. Бірі – автобус жүргізушісі, екіншісі – сол қоғамдық көлікте отырған 26 жастағы келіншек. Екеуі де оқиға орнында тіл тартпай кетті. Мерт болған жүргізуші – Абай Оспанов. Марқұм 6 жылдан бері қоғамдық көлік тізгіндеп келген. Апатқа ұшыраған автобусқа отырғанына 2 жылға енді жуықтапты. Артында төрт баласы қалды. Дәрігерлер марқұмның ішімдікке әуес болмағанын айтады. Денсаулығынан да ешқандай кінәрат анықталмапты.

Гүлнәр Жексекеева, қалалық №1 автобус паркінің фельдшері:

– Міндетті түрде барлық жүргізушіні тексереміз. Алкотестермен, қан қысымын тексереміз. Олардың үсті-басын, түріне қараймыз.

Автобус паркінің басшылығы қоғамдық көліктің тежегіші істен шыққан деген божамды жоққа шығарып отыр. Айтуларынша, қалаға Қосшы елді мекенінен қатынап жүрген қоғамдық көлік 2014 жылы ғана қолданысқа берілген. Қостанайда құрастырылған автобусты мамандар жылына екі рет техникалық тексерістен өткізіп тұрған. Бүгін де жолға шықпас бұрын мамандардың жіті бақылауынан өтіпті.  

Сәбит Болатов, қалалық №1 автобус паркі басшысының кеңесшісі:

– Техникалық байқаудан былтыр қазан айында өткен. Автобус паркінің мамандары әрбір көлікті бағытқа шықпас бұрын тағы бір тексереді. Олардың дөңгелектерін, қозғалтқышын және тежегішін міндетті түрде қарап шығады. Ақау болмаған жағдайда ғана жолаушы тасымалдауға рұқсат береді. Бұл көлікте ешбір ақау анықталмаған.

Қалалық автобус паркінің басшылығы марқұм болған жүргізушінің отбасына қажетті көмек көрсетіледі деп отыр. Ал тәртіп сақшылары апаттың жай-жапсарын анықтауға кірісіп кетті.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

– Қазір оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 4-тармағы бойынша іс қозғалды. Тәртіп сақшылары айыптыларды анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кетті.

Апат болған орынға қала әкімі Бақыт Сұлтанов та келді. Елорда басшысы көмекке мұқтаж жандарға тиісті көмек көрсету үшін жауаптыларға нақты тапсырма жүктеген. 

Эльвира Жүргенбаева, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Барлық медициналық көмекті жедел көрсетуін тапсырды. Одан бөлек, қайтыс болған адамдардың туыстары мен жақындарына алдымен психологиялық, одан кейін қолдан келгенше басқа да көмек көрсетуін тапсырды.

Апат кезінде жедел жәрдем көлігі мен сол маңдағы жеңіл тұлпарға да зақым келді. Дәрігерлер шақыртуға шыққан медбикенің миы шайқалғанын айтады. Одан бөлек, көлік оқиғасынан зардап шеккендердің арасында Филиппин азаматы да бар екен. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. 

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы