377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда маңындағы ауыл тұрғындары толарсақтан су, тобықтан саз кешіп жүр

  • 773
  • UPD: 23:52, 27.03.2019

Қарөткелдіктердің көктем сайын көргені осы, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл – Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі Қараөткел ауылы. Бүгін осындағы тұрғындар уақтылы аршылмаған қардың азабын тартып жатыр. Нақтырақ айтқанда, еріген қардың суы аулаларға кіріп, тұрғындарды әбігерге салды.

Шарбану Сейтхамзақызы, Қараөткел ауылының тұрғыны:

- Біздің жақта жол қыс бойы күрелмейді. Қазір есік алдына ешкім кіре алмайды. Қар еріп, үйімізге кіріп жатыр. Септигіміз толып тұр. Әр сорғызғанымыз үшін 7 мыңнан төлейміз. Әжетханаға кіре алмаймыз. Су толып тұр. Шалымыз екеуіміз таңнан кешке дейін су тасып жүрміз.

Қараөткелдегі көшелердің біріндегі жағдай осы. Жұрт осылай етікпен үйінен жаяу шығады. Басқа амал жоқ. Көлік келе алмайды. Жедел жәрдем тіптен келе алмайды бұл жерге.

Шолпан Сейдахметова, Қараөткел ауылының тұрғыны:

- Егер Ильинкада адам ауырып қалса, оны міндетті түрде дәріханаға жеткізу керекпіз. Себебі біздің үй жаққа бармайды. Терең. Жол қазылып тастаған. Балшық. Олар өткісі келмейді. Тіпті такси келмейді.

Міне, Қараөткел ауылының әкімдігіне өтудің өзі азап. Өйткені жердің өзі су, саз. Жұрт етікпен жүр. Ал біз ше?

Ал бізге жағалай саздан балақты түріп өтуге тура келеді. Бұл жағдай қашан оңалады? Жұрттың сұрап отырғаны осы. Жауабын білмекке жергілікті әкімдікке келдік.

Қызметкерлердің бірі әкімнің ауырып қалғанын жеткізді.

Ауыл басшысы ауырып қалды. Жұрттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаймын деп, басы ауырып жүр ме деп топшыладық. Қалай болса да мұны әкімнің өз ұятына қалдырайық.

Аслан Жүнісов, Қараөткел ауылы әкімдігінің бас маманы:

- Қар шығару жұмыстары болды. Қазір еріген қарды су тасу, алдын алу шаралары болып жатыр. Есік алдына келген суды барынша тырысып, техника сұрастырып, көмек көрсетіп жатырмыз.

Жергілікті атқарушы органдар «шама-шарқынша көмектесіп жатырмыз», – дейді. Бүгін-ертең қазынадан 5 млн теңге бөлініп, тасқынға тосқын қоямыз деп сендірді.

Натира Қаладинова, Қараөткел ауылының тұрғыны:

- Малиновка әкімінің орынбасары келді. Көрді. «Топырақ әкелемін. Канал қаздырып, суды тартамын» деді. Ештеңе істеген жоқ. Су шамалы тартылды. Көзбояушылық жасады да кетті.

Авторлары: Ж.Біркенов және А.Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы