379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ертісте балық аулауға қатаң тыйым салынды

  • 98
  • UPD: 20:58, 04.04.2019

Ертіс өзенінде балық аулауға қатаң тыйым салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі мұз жұқарған, кез келген уақытта ойылып кетуі мүмкін. Десе де, қармақ салып, өзен жағалаған балықшылар аз емес.

Осы жайтты қаперге алған Павлодар облысындағы сала мамандары өзенді бойындағы бақылауды күшейтті.

Құтқарушылар балықшыларды мұз үстінен қуа алмайды. Себебі арнайы нормативтік құжаттар жоқ. Сондықтан тек ескертумен шектелуге мәжбүр.

Серік Шериязданов, облыстық ТЖД жедел-құтқару отряды бастығының орынбасары:

– Бір, екі, үш метрдей ұзындықта ағаш болу керек, егер мұз опырылып кетсе, өзі де біреуді алып шығуға, өзіне де ыңғайлы алып шығуға, одан кейін міндетті түрде балықшының пышағы болуы тиіс. Мұзға қадап, әрекет етуге керек.

Мұздың қалыңдығы 60 см-ден асса да, өзеннің жиегі еріп жатыр. Алайда қарапайым құтқару құралдары бірде бір балықшыдан табылмады. Мұз айдынына күнде келетіндердің қатарында 74 жастағы Хәкім Мұқатов бар. Қария қысқы балық аулау маусымын аяқтауға асығар емес.

Хәкім Мұқатов, әуесқой балықшы:

– Қысы-жазы балық аулаймын. Бүгін Усолкаға келіп отырмын, ұсталмады. Кеше көп ұстадым. 100 шақты ұстадым.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Усолка өзеніне күнбе күн 200-ден астам балықшы жиналады. Олар мұздың жұқарғанына, сонымен қатар осы жерде отыру қауіпті болғанына қарамастан, сүйікті істерінен бас тарта алмай отыр.

Құтқарушылар бүгінгі күнге дейін облыстың өзен-көлдерінде мыңдаған балықшы арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Айта кетейік, сәуір айында облыста су тасқынының екінші кезеңі басталады. Яғни Ертіс өзеніне Шүлбі су қоймасынан су босатылады. Сол сәтте өзеннің деңгейі көтеріліп, сең жүреді. Сол себепті құтқарушылар тәуліктік кезекшілікке көшеді.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы