379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы аудан әкімінің күн тәртібінде әлеуметтік желіге арнайы уақыт бөлінген

  • 214
  • UPD: 09:49, 05.04.2019

Әкімдер халықпен етене жұмыс істей бастады. Әлеуметтік желілерде әрқайсысының өз парақшалары бар. Қауырт жұмыс арасында оқырмандардың сауалына жауап беріп, мәселелерді түртіп үлгереді. 

Ерлан Каналимовтың күн тәртібінде әлеуметтік желіге арнайы уақыт бөлінген. Халқына жақын әкім елордадағы Байқоңыр ауданын басқарады. 2014 жылы жеке, одан кейін қызметтік парақшаларды ашып, тұрғындармен етене байланыс орнатқан. «Келіп жатқан ұсыныстар мен көтерілген мәселелерді әрдайым назарға алып, жедел шешуге тырысамыз. Басты жетістігіміз – халықтың ықыласы» дейді әкім.

Ерлан Каналимов, Байқоңыр ауданының әкімі:

- Жеке ватсап нөміріміздің, жеке ұялы телефонымыздың нөмірін жариялап өттік халыққа. Бұның бәрі халықтың бізге деген сенімін арттырады. Жариялағаннан бастап, халықтан алғыс келіп жатыр. Халыққа жақын болдыңыздар, рахмет, осындай сұрақтарымыз бар деп. Былтырдан бері халықтан әлеуметтік желі арқылы 5000-нан аса сұрақтар, ұсыныстар келді.

«Президент пәрмен берді, әкімдердің бұйрыққа бас имеуіне дәрмені бар ма?» дерсіз. Иә, ауыл, қала, облыс басшылары кезек-кезек жеке парақшаларын ашып жатыр. Достары көп, посттары да біршама. Тіпті кейбірінің бірнеше әлеуметтік желіні қатар қолданатыны байқалады. Соған қарағанда желіге тіркелгендеріне біраз болған сыңайлы.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Жақсылық Омар да әлеуметтік желіні белсенді қолданушылардың бірі. Қала басшысы өскемендіктермен тікелей эфирде сұхбаттасады. Жұмыстары жайлы пост жазып, әр пікірге тиянақты жауап береді. Әрі парақшасын өзі жүргізеді екен. Тексеріп көрейік. Қалада жол мәселесі күрделі екенін білемін. Қалай шешілетінін әкімнің өзінен сұрасақ. Міне, аз уақытта жауапты да алдық. Керемет.

Оқырман-жерлестері әкімдерін тегтеп, ықыластарын да білдіруі қалыпты жағдайға айналған. Алайда шенеуніктердің ғаламтордағы белсенділігіне қарапайым халықтың пікірі әрқилы. Бастысы, «әлеуметтік желіге елігіп, жұрттың қамын ойлауды ұмытып кетпесе игі» дейді олар.

- Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Әкімнің бар уақыты әлеуметтік желіде өтеді ғой. Шағымдарды тіркеудің басқа жүйесі жасалуы керек. Кезекпен жауап берсін. Бірақ бар сұраққа жауап беріп отырса, бір күн кетер.

- Қалада су толып қалса қар еріп, ашық бірдеңе көріп қалсам, дер кезінде көмек көрсетеді. Арман Тұрлыбекұлынан бүгін ғана жауап алдым. Ол кісі жауап берді. Жақсы деді.

- Мен билік халыққа жақын болу керек деп ойлаймын. Әлеуметтік желі қолдандары дұрыс. Өзім бұлай байланысып көрген емеспін. Бірақ, мәселелері шешілген адамдарды білемін. 

Әлеуметтік желі уақытты алары хақ. Егер жөнсіз қолданса. Бірақ халық арасында әлеуметтік желі бұл күш деген тәмсіл бар. Көпшілік көңілін мазалаған мәселені желіге жүктеп, әділдік іздейтіні жасырын емес. Ендеше ақпараттық заманда билік өкілдерінің жаппай желі қолдануы заңды құбылыс.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Әділғазы Төлеміс, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы