379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында 6 мектептің оқушылары үш ауысымда білім алуға мәжбүр

  • 99
  • UPD: 20:36, 08.04.2019

Маңғыстау облысында мектеп тапшы.

Ақтау қаласы мен Түпқараған, Қарақия және Мұнайлы аудандарында 6 мектептің оқушылары үш ауысымда білім алуға мәжбүр. Ал 5 мыңға жуық бала өзге ауылдарға қатынап оқиды. «Халық саны қарқынды өсіп жатқан аймақта жылына кем дегенде 15 мектеп салу керек», – дейді мамандар.

Басқұдық ауылындағы №9 орта мектеп 960 орынға арналған. 1800 оқушы оқуы тиіс мектепте қазір 3227 бала білім алуда. Бір жарым мың оқушы артық болғандықтан, үш ауысымда оқытуға мәжбүр.

Бұл мектепте 1 сыныптың өзінде 480 бала білім алуда. Алфавиттің 20 әрпіне дейін сыныптар бар. Мысалы, мынау 1 «С» сыныбы. Мұнда 20 бала оқып жатыр. Басшылар балаларды сыйдыру үшін киім ілетін жерді былай қоршап, парталар қойып, оқу кабинеті етіп жасақтапты.

Білім ордасындағы баланың көптігінен оқушыларға арналған қосымша сабақтар сенбі күні өткізіледі. Яғни оқушылар мектепке аптасына 5 емес, 6 күн барады. Сондай-ақ мектеп басшылары тығырықтан шығу үшін үшқабатты ғимараттағы бос жерлердің барлығын, тіпті дәлізді де оқу сыныптарына айналдырған. 

Гүлжан Асамадинова, №9 жалпы білім беретін мектеп директоры:

- Өздеріңіз көріп тұрғандай, рекреацияларды кабинет етіп жасақтағаннан кейін біз дәліздерді қалай да жарық ету мақсатында қазіргі стендердің заманауи түрін жасақтадық. Яғни өздеріңіз көріп тұрғандай, 14 бірлестік болатын болса, 14 бірлестікке арналған осындай стендтер бар жарықтандырып тұратын.

34 мың адам тұратын Басқұдық ауылында екі-ақ мектеп бар. Оған сыймай қалған оқушылар 5 шақырым жердегі аудан орталығына қатынап оқиды. Ауданда Басқұдықтан өзге Атамекен, Батыр ауылдарының балалары да көрші ауылдардағы мектептерге барады. Тасымал жұмыстарына 82 арнайы автобус бөлінген. Жергілікті қазынадан жылына 320 миллион теңге жұмсалады.

Нұрасыл, 4 сынып оқушысы:

- Алыстағы ауылдағы 5 мектепте оқимыз.

- Ауылда мектеп жоқ па?

- Бар, бірақ онда балалар көп барады, сондықтан да біз сыймай қалдық.

Маңғыстау облысы бала туу көрсеткішінен елімізде бірінші орында тұрса, Мұнайлы ауданы аймақтағы табиғи өсімнен көш басында. Мұнда жылына 9 мың бала туып, 4,5 мың оқушы 1 сыныпқа қабылдануда. «Халық санының арутына орай мектепке деген қажеттілік ай сайын өсіп жатыр», – дейді аудан басшысы.

Рахат Елтизаров, Мұнайлы ауданының әкімі:

- №7 мен 9 мектептің қасынан 300 орындық құрылыс салынады. Биыл аяқтаймыз деп айта алмаймыз. Келесі жылы аяқтаймыз. Келесі жылы аяқтағанда, 2-ақ жылдың мәселесін шешеміз. Өйткені Атамекен ауылында адамның саны 40 мың, ал Басқұдық ауылында 31 мың. Былай айтқанда, көрші Қарақия мен Түпқараған аудандарының халқы санымен бірдей. Бізге Атамекенге кем дегенде 600 орындықтан тағы екі мектеп керек.

Аудан басшылары үш ауысымды оқу мәселесін шешуге жеке инвесторларды тартуға кірісті. Қазір екі кәсіпкермен екі мектептің құрылысын бастауға келісім жасалуда. Десек те мектеп тапшылығын түбегейлі жою үшін жылына кем дегенде 6 мектеп салу керек. «Бұл – республика деңгейінде шешілетін мәселе», – дейді аудан әкімі.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы