378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Иран мен Қазақстан ғарыш саласында тәжірибе алмасады

  • 67
  • UPD: 10:46, 12.04.2019

Иран – ғарышты жақында ғана игере бастаған мемлекет.

Биыл бұл ел орбитаға шығуының 10 жылдығын тойлайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Иран мен Қазақстан ғарыш жүйелері мен технологиялар саласында ынтымақтастық меморандумына қол қойған болатын. Тегеран еліміздің спутниктік технологияларына қызығушылық танытып отыр.

2009 жылдың 2 ақпанында Иран «Сафир» зымыраны мен «Үміт» деп аталған жерсерігін орбитаға шығарды. 2011 және 2012 жылдары тағы да екі жерсерігін ұшырды. Оның біреуі ғарыштағы нысандарды бақылайды, ал екіншісі ауа райы құбылыстарын зерттейді. Тақауда Иран билігі спутниктік саласын күшейту қажеттігін мәлімдеді. Өйткені 77 адамның өмірін қиған су тасқыны туралы спутник арқылы алдын ала біліп, сақтануға болатын еді. Енді болашақта осындай табиғи апаттардың зардабын азайту үшін қазақстандық әріптестерімен бірлесіп жұмыс атқармақ.

Рухулла Яздан, «Басир» институты директорының орынбасары:

– Қазақстанда әлемдегі ең ірі «Байқоңыр» ғарыш айлағы бар екенін және бұл кешенді өзге елдер жерсеріктерін ұшыру үшін пайдаланатынын білеміз. Қазақстандық KazSat спутнигінің көмегімен онлайн түрде бейнелермен алмасып тұруға болады. Болашақта елдеріміз ғарыш саласында бірлесіп жұмыс істеуі мүмкін. Мысалы бізде бір күтпеген жағдай бола қалса, қазақстандық спутник түсірген Жердің суреттерін қолдана аламыз.

Екіжақты қатынастарды әрі қарай дамытуда ғылым мен техника саласындағы серіктестікке басымдық беріліп отыр. 2016 жылы қос тарап қол қойған аэроғарыш саласындағы ынтымақтастық меморандумының арқасында Иран ғарыш державалардың қатарында өз орнын айқындай түсті. Қазақстандық мамандар ирандық әріптестерімен талай мәрте тәжірибе бөлісті. Ирандықтар елімізде тренингтерге қатысып, заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді меңгерді. Енді екі елдің мамандары бірлескен ғарыш жобаларын жасауды жоспарлап отыр.  

Мохсен Джокар, «Басир» институтының зерттеулер бойынша директоры:

– Қазақстан спутнигінен алынған кескіндердің көмегімен табиғи апаттан зардап шеккен аймақтарды көріп, онда дереу көмек аттандыруға болады. Сондай-ақ келтірген шығынның мөлшерін бағамдай аламыз. Осы жобаларда бауырлас ел – Қазақстанмен ынтымақтастығымызды дамытсақ, жақсы болар еді.  

Бүгінде Иранда өзара тығыз байланыста мемлекеттік және жекеменшік ғарыш ұйымдары жұмыс істейді. 28 жекеменшік кәсіпорын жерсеріктер мен арнайы стансалар шығарады. Осы салада Қазақстан мен Иран бірлесіп әріптестік орната алады. Ирандық инженерлер биыл да елімізге келіп, қазақстандық әріптестерімен тәжірибе бөлісуді көздеп отыр.  

Авторлары: Юлия Гнатюк, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы