378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да мамандар қыстан аман шыққан киіктерді санап жатыр

  • 198
  • UPD: 12:48, 23.04.2019

Батыс Қазақстан облысында киіктерді қорғау айлығы өтіп жатыр. Жедел алдын алу шаралары аясында Орал популяциясына жататын дала жануарларының нақты саны анықталмақ.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Былтырғы есеп бойынша Батыс Қазақстан облысындағы Орал популяциясына жататын киіктердің саны 135 мыңға жеткен. Қыстың қатты болуына байланысты дала жануарлары көршілес Атырау облысының аумағынан пана тапты. Ал қытымыр қыстан қаншасы аман шықты? Оны тікұшақтың көмегімен жүргізілетін санақ нәтижесі анықтайды.

Санақ жұмыстарына Қазақстанның биолауантүрлілікті сақтау қауымдастығының мамандары тартылады. Бұл жолы ғалымдар киіктерді әуеден барлап, нақты санын анықтауға күш салады. Ал зерттеу жұмыстары мамыр айында, яғни киіктер төлдейтін уақытта жүргізіледі.

Штефен Цутер, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының үйлестірушісі:

-  Әуелі көзбен шолып шығамыз. Әрине, мыңдаған киікті дәл санап шығу мүмкін емес қой. Сондықтан, кейін әуеден түсірілген фотосуреттерді де пайдаланамыз.  Санақ нәтижелері алдағы айларда жіті зерделенеді. Нақты саны да сол кезде белгілі болады.

Бақтияр Тәшенов, «Охотзоопром» Рмқк бас маманы (Алматы қаласы) 

- Киік тұқымының дүние жүзіндегі 80 пайызы осы Қазақстанда. Сондықтан да осы 3 қаумал бар, үш популяция, Орал популяциясы ең үлкен ең 135 мыңға жетті, сондықтан да оны ары қарай да санын көбейтеміз деп отырмыз.

«Алдағы киік төлдейтін мезгіл біз үшін нағыз сындарлы кезең»,- дейді мамандар. Сол кезде киіктерден қан алынып, сынамалар жүргізіледі. Әрине, бөкен біткеннің басты жауы саналатын браконьерлер де қарап жатпайды. Мәселен, былтыр қаскөйлерге қатысты 40-тан астам қылмыстық іс қозғалған.

Райымбек Шампаев, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

- Халыққа айтатынымыз, киік жануарына мүлде жақындамағандарыңыз дұрыс, жалпақ тілмен айтқанда. Қазір бір киіктің құны 3 миллионнан астам теңгені құрайды. Көбіне сұрақ қойып жатады мүйіз тауып алсақ не істейміз, далада бос жатыр ғой деген сияқты. Ондай кезде де жақындамаған дұрыс, өртеп көміп кетіңіз не болмаса сол жерге учаскелік полицияны шақырып акт толтырып тапсыруыңыз керек. Бір мүйіздің құны 1 миллион 800 теңгені құрайды айыппұл.

Қазір «Охотзоопром» кәсіпорны қызметкерлерінің бес қаруы сай десе болады. Арнайы құралдардың көмегімен олар өздері күзететін аймақты түнде де күндізгідей көріп, бақылай алады. Дала жағдайына барынша бейімделген мынандай көшпелі көліктердің көмегі ұшан-теңіз. Әр 15 күн сайын ауысып отыратын инспекторлар соңғы үлгідегі қару-жарақ пен бақылау құралдарымен қамтылған. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы