389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің шығысы өзге өңірлерден қоныс аударушылар бойынша озық тұр

  • 451
  • UPD: 13:11, 23.04.2019

Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қоныс аударушыларды қабылдау  көрсеткіштері бойынша өзгелерден оқ бойы озық келеді.

Кеншілер шаһарына келіп, кәсіп иесі болып жатқан өзге өңірлік жастар шаңырақ көтеріп, риддерліктердің қатарына сіңісіп кеткен. Аталған бағдарлама басталғалы бері қалаға 860 адам көшіп келіпті. Биыл бұл көрсеткіш мыңға жуықтамақ.

Алматы облысының тумасы Алмагүл Риддерге алдымен «Серпін» бағдарламасы бойынша келіп, білім алады. 2017 жылы оқуын бітірген ол «Көші қон» бағдарламасының көмегімен осы қалада  қалуға бел буады. Сөйтіп бір жылдан кейін өзімен бірге оқыған азаматпен шаңырақ көтеріп жас отбасылардың біріне айналды. Бағдарлама ұсынған әлеуметтік қолдауларды пайдаланып, аяққа тұрып та алды.

Алмагүл Әміренова, жұмыспен қамту орталығының маманы:

- Қазақстанның қай жері болса да алдымен өзіме қажетті мамандық иесі болу, одан кейін осы қаланың әсем табиғаты Алматыға өте ұқсас болғандықтан, ауа райы өте қолайлы болғандықтан, осы қалада қалуды жөн санадық.

Ал Изыкуловтар отбасы болса бұл шаҺарға тәуекел деп, 3 баласымен қоныс аударыпты. Қазір бесінші балаларын күтіп отыр. Қызылордалық жанұя  жатсынбай, қала тірлігіне бірден араласқан. Отағасы кірпіш өндірісін қолға алса, келіншегі мұғалім болып орналасады.

Сәуле Изыкулова, Риддер қаласының тұрғыны:

- Осында келгенде біз жолдамамен келдік, ағылшын тілі пәні мұғалімі болып келе салып орналастым. 3-4 жыл болып қалды болды, мұғалім боп жұмыс істеп келе жатырмын.

«Азаматтарды жұмыс көзі аз облыстан қоныс аудартудың басты мақсаты  - кадр тапшылығын жойып, кәсіпкерлікті дамыту», - дейді мамандар. Айтуларынша, Риддерде  қазір 283 бос жұмыс орны бар.

Әсет Ерсайынов, Риддер қалалық жұмыспен қамту орталығының  директоры:

- Көбінесе бізге қажет ол мұғалім, дәрігер және жұмысшы  мамандықтары. Жұмыс орындарына адамның біліктілігі жоқ болса, қысқа мерзімді  оқу да қарастырылған.

Биыл кеншілер қаласы тағы 100-ден астам адам қабылдауды жоспарлап отыр. Айта кету керек, аймаққа өткен жылы өзге өңірлерден 324 отбасы қоныс аударыпты. Биыл  жыл басынан бері 120-ға жуық жанұя көшіп келген.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы