389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев Үкіметке Абайдың мерейтойына қажетті шаралар әзірлеуді тапсырды

  • 494
  • UPD: 12:23, 26.04.2019
Қ.Тоқаев Үкіметке Абайдың мерейтойына қажетті шаралар әзірлеуді тапсырды 7palat.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласында жұртшылықпен кездесуде, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі Твиттердегі ресми парақшасында.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз – тарихтан тағылым алып, ұлы бабаларымызды ұлықтай білген халықпыз. Ұлы Абайдың мұрасы «Рухани жаңғырудың» маңызды бағдарына айналуы қажет. Алдағы жылы А.Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Біз тұтас ел болып, мемлекеттік деңгейде атап өтеміз. Тарихи датаны ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беру керек. Үкіметке Абайдың мерейтойына қажетті шаралар әзірлеуді тапсырамын. Хакім Абайдың туған жері дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келетін туристерді қарсы алуға лайықты ірі орталыққа айналуы тиіс. Жергілікті басшылар осы маңызды мәселеге назар аударуы керек. Бұл – бабалар алдындағы борышымыз әрі өскелең ұрпақ үшін жақсы өнеге.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысының Шығыс Қазақстан облысы бойынша жұмыс сапары ресми түрде басталды. Президентке өткен жылы күрделі жөндеуден өткен ұшып-қону жолағы, әуежай ғимараты таныстырылды. Әуежай «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жаңартылған. Жөндеуден кейін ұшақтардың жолы ғана емес, ұшу жиілігі де түзелгенін айта кету керек. Алматы, Өскемен, Үржар бағыттары Нұр-Сұлтан, Мәскеу әуе бағыттарымен толығыпты.

Жоспарға сәйкес, Мемлекет басшысы бастаған делегация Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетіне соқты. Ол жерде Президентке Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалу барысы таныстырылды. Семей халқымен кездесуден кейін күн тәртібінде Семей қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына барып, Қарағайлы шағын ауданындағы жаңа қалашықтың құрылыс барысымен танысу жоспарланған.

Хабар 24 телеарнасы