389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызғалдақ еліміздің туристік брендіне айналмақ

  • 669
  • UPD: 14:00, 27.04.2019

Шымкентте «Қызғалдақ жолы» халықаралық фестивалі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһардың басты белгісі саналатын қызғалдақ енді еліміздің туристік брендіне де айналмақ. Жалпы бұл өсімдіктің 3 мыңнан астам түрі бар. Оның 118 түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Ал елімізде қызғалдақтың 35 түрі өсетіндігі туралы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында да айтылған болатын.

Нұрбек Байбосын, тілші:

– Ең алдымен, қызғалдақ – шуақты көктемнің нышаны. Шымкентте мұндай шара халықаралық деңгейде алғаш рет өткізіліп отыр. Мақсат – қазақ даласына тән қызғалдақтың тарихи отанын шетелдіктерге таныту.

Фестивальде қызғалдақтың пайда болуы мен таралуы тарихын жан-жақты қамтыған түрлі қызықты шаралар өткізіледі.

Мұнда келушілер түрлі ел мен құрлықтарға сапар шеккен қызғалдақ туралы театрландырылған қойылымды тамашалай алады. Сонымен қатар көздің жауын алар әдемі гүлдер көрмесі, кәсіби флористер байқауы мен селекциялық жұмыстардан шеберлік сағаты өткізіледі. Қызғалдақтар түсірілген ерекше кадрлер жинақталған фотокөрме көпшілік назарына ұсынылады. Дизайнерлердің фэшн-көрсетілімі де ұйымдастырылады. Ал балалар суреттер байқауына қатысып бақ сынамақ. Ең қызығы, фестивальге келген әрбір адам интерактивті кітапқа осы ерекше оқиғаның куәгері ретінде өзінің игі тілегін қалдыра алады. «Естелік ретінде қала тұрғындарына қызғалдақтар бейнеленген муралдар сыйға беріледі», – дейді шараны ұйымдастырушы қалалық туризм басқармасының бас маманы Азамат Нұрымбетов.

Шымқала бұрыннан – гүл қала. Шаһарға өткен жылы қызғалдақтың 700 мың түбі егілсе, биылғы рекорд одан да асып түсті. Қазір қала көшелеріне 1 миллионнан астам қызғалдақ отырғызылған.

Хабар 24 телеарнасы