378.01 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елдің бірқатар өңірінде мерекеге орай жәрмеңке ұйымдастырылды

  • 136
  • UPD: 20:42, 01.05.2019

Қазақстан халқының бірлігі күнін кеңінен атап өтуге шаруалар қауымы да үлес қосты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін аймақтарда мерекелік жәрмеңкелер ұйымдастырылып, тұрғындарға сапалы өнімдер ұсынылды. Ертіс өңірінің фермерлері 110 тоннадан астам ауыл шаруашылығы тауарларын саудаласа, түркістандықтар екі мың тонна картоп пен 500 келі ет әкелген. Осылайша, бүгін ауыл дәмін татқысы келген халық сауда-саттық орындарынан табылды.

Ертіс өңірінде өткен дәстүрлі жәрмеңкеге ағылған халықтың қарасы қалың. Өңір шаруалары ет, сүт, бал және көкөніс өнімдерін арзан бағамен ұсынды. Жәрмеңкені өткізуге ауа райының қолайсыздығы да кедергі болмады. Халықтың қажеттілігі үшін еліміздің Оңтүстік өңірлерінен қырыққабат та әкелінген. Түркістан облысынан жеткен көкөністің келісі 190 теңгеден саудаланды.

Дәметкен Қоқышқызы, қала тұрғыны:

– Біз жәрмеңкеге жиі келеміз. Бағалары дүкендегілерден әжептеуір арзан және қаймақ, майлардың сапасы өте жақсы. Ауылдан келеді.

Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік 30-дан астам дүкенде саудаланады. Тауар бағасына қосылатын үстемеақы 10% аспайды

Түркістанда нарықтық бағасы 150 теңге болатын пияздар мерекеге орай 53 теңгеден сатылды. Бұл жәрмеңкеге әкелінген азық-түлік 10-15% төмен бағамен саудаланды. Мәселен, картоптың келісі - 75, сәбіз - 70, макарон - 150, күріш - 194 және сиыр еті - 1250 теңгеден сөреге қойылды.

Гүлжамал Даханова, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Жәрмеңкемізге 2 мың тона картоп, 500 келі ет, тағы басқа қажетті өнім түрлерін алып шықтық. Қосымша тұрақтандыру қорының да тауарлары осы жерде жәрмеңкеге қатысып жатыр. Олардағы баға базардағыдан әлдеқайда төмен. Жергілікті тауар өндірушілермен тұрақтандыру қорының тауарлары шығарылды.

Жәрмеңкеге жергілікті кәсіпкерлер мен шаруалар өндірген 20-ға жуық табиғи өнім шығарылды. Бүгінгі күні Түркістан қаласында 14 әлеуметтік дүкен халыққа қызмет көрсетеді. Сондай-ақ демалыс күндері дәстүрлі жәрмеңкелер өткізіліп тұрады.

Әлима Досанова, қала тұрғыны:

– Құрт, май, ірімшік сияқты тағы да басқа тауарларды өте төмен бағамен алып отырмыз. Жәрмеңке халыққа өте тиімді. Өйткені бағасы да төмен. Алатын затымызды да бір жерден қомақты етіп алуға болады.

Ақтөбедегі жәрмеңкеде жергілікті қартоп пен бау-бақша өнімдері молынан сатылды. Сөреге азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорының өнімдері де қойылды. Көше жәрмеңкесі саудадағы делдалдарды ығыстыруға да мүмкіндік береді.

Әсел Жаңабергенова, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:

– Шаруа қожалықтарынан келіп жатыр. Шұжық өнімдері бар. Негізі жәрмеңке апта сайын «Әлия» жабық базарында, «Алтай» базары алдында өтуде, яғни сенбі сайын өтеді. Бірақ бүгін мейрамға байланысты халыққа осылай ұйымдастырып жатырмыз.

«Мұндай жәрмеңкелер біз үшін тиімді дейді», – шаруалар. Себебі өнімдерін делдалсыз, тұтынушыға тікелей сатуға мүмкіндік бар.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы