378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Туристік полиция не үшін құрылды?

  • 199
  • UPD: 23:37, 20.05.2019

Өткен айда елімізде туристік полиция құрылған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Тәртіп сақшылары барлық аймақта қызмет етпейді. Санаулы өңірде ғана жұмыс істейді.

Полиция департаментінің өкілі айтады: ағылшын тілін қатардағы туристік полицейдің барлығы біледі. Тексеріп көрдік. Шет тілінде сұрақ қойдық. 

Жә. Мақсат не? Туристік полиция не үшін қажет болды? Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаевтың бұйрығымен құрылған жаңа құрамның ерекшелігі неде? Сөйтсек, бұл жасақ шеттен келген қонақтарға жауап береді. Міндеттері – туристерге құқықтық кеңес беру.

Арман Баймұхамед, қалалық Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы:

- Туристерге қатысты қандай да бір оқиға тіркелсе, жедел тергеу де жүргізе алады. Жаяу жүргіншілер аумағын қадағалайды. туристік полицейлер тарихты да білулері міндетті. Елімізге келген меймандарға қажет кезде туристік нысандар бойынша ақпарат бере алуы тиіс.

Туристік полиция Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Ақмола, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарында құрылды. Ел бойынша жалпы саны 65 адам. Елордадағыларының саны 15.

Еркебұлан Жұмабаев, қалалық туристік полиция инспекторы:

- Адамдармен өте мәдениетті сөйлесуіміз қажет. Сыпайылық талап етіледі. Ал ағылшын тілі бойынша біліктілікті арттыру курстарына қатысып отырамыз. Тіл білгеніміз үшін қосымша ақы төленеді. 

Туристік полицейлер қажетті техникамен қамтамасыз етілген. Қарамақтарында кәнігі көлік, электромобиль, квадроцикл, бейнетаспалары бар. Әкімшілік хаттамаға арналған планшеттермен жабдықталған. Киімдері ерекше. «Туристік полиция» деген жазуы бар айрықша жилетпен жүреді.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы