378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Асқар Мамин жұмыс сапарымен бірқатар өңірге барып қайтты

  • 209
  • UPD: 20:31, 24.05.2019

Премьер-министр Асқар Мамин жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан, Алматы  және Қарағанды облыстарында болып қайтты. 

Үкімет басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы өңірлерді аралау кезінде берген тапсырмаларының орындалу барысын көрді. Әсіресе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске қосылған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасының жүзеге асырылуына ерекше мән берді.

Кенді Алтайда Бұқтырма, Көгілдір бұғаз, Қатонқарағай, Сібе көлдері сынды көрікті жерлер көп болса да айдынды Алакөлдің орны ерекше. Өткен маусымда көлдің Шығыс Қазақстан облысы аумағына 700 мыңға жуық адам келіп дем алған. Туристерді көптеп тарту мақсатындағы жұмыстар бүгін ҚР Премьер-министріне таныстырылды. Жоба жоспарларды тыңдаған үкімет басшысы жағалаудың абаттандырылуына айырықша назар аударды. Бұл мақсатқа соңғы екі жылда 5,3 миллард теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілген.

Арман Ахметқалиев, инвестор:

- Халықаралық әрі қазақстандық түрлі фестивальдер өткізетін проект. Бағасы 200 миллион теңге, проект құрылыс уақыты 2019-2020 жылдар деп жоспарлап отырмыз.

Туристерді тартудың бірден бір тетігі жол сапасын жақсарту. Тас жолдың қазіргі жағдайы сын көтермейді. Оның өзектілігін көл басына көлігімен барғандар ғана түсінеді.

Сергей Чужанков, көлік жүргізушісі: 

- Бұл қатынасты жол деп айту тіпті қиын,өйткені ойылып қалған шұңқырларды айналып өту де мүмкін емес. Әбден тозығы жеткен жолмен бір жүріп өткен соң,одан кейін қайтып Алакөлге барғың да келмей қалады.

Алматы Талдықорған-Өскемен бағытындағы тас жолдың  тақтайдай түзу болуын жұрт асыға күтуде. Бұдан өзге облыс орталығына дейінгі тас жолдың күйі де келушілердің жүйкесін жұқартып жүр. Қолға алынған инфрақұрылымдық жобалар осындай түйткілдерді шешуге ықпалын тигізбек. Асқар Мамин Өскеменнен Талдықорғанға бағыт алған республикалық трасса бойындағы атқарылып жатқан шаруалармен танысты. Ірі жоба елімізде екі жыл бұрын басталған болатын.  763 шақырым болатын жолдың 400 шақырымнан астамы Шығыс Қазақстанға тиесілі.Өткен жылы оның 102 шақырымы қамтылды.Ал биыл жолдың барлық бөлігінде жұмыс қызып, 265 шақырымы көлік қозғалысына беріледі. Нысанда 2 мыңнан астам  адам еңбек етіп, 1300 техника жұмылдырылған.Жалпы бұл қатынас толықтай 2022-ші жылы қолданысқа ұсынылмақ. Биыл жолаушылар Талдықорған мен Қалбатау қатынасының біраз бөлігін сынан өткізе алады.

Ұлан Әліпов, «Қазавтожол» ҰҚ АҚ Басқарма төрағасы:

- Биыл арасында енді мына Талдықорған мен Қалбатаудың   арасында 120 шақырым жолды жүріске береміз.Ол енді толық бітпейі, бірақ, арасында біткен асфальт бетон жамылғысын жапқан жерлерде жүрісті өткізіп отырамыз.Енді тапсырма беріліп жатыр,адымен нашар  ерлерді бірінші кезекте жөндеу туралы.

Автокөлік қатынасын жақсарту мақсатында биыл Жалаңашкөл бекетіне дейін Семей мен Өскеменен пойыз қатынасы ашылады. Бұған әуе рейсін де қосыңыз.Жаңадан әуежай жолқатары салынып заманауи қонақүйлер де бой көтермек. Шығыс Қазақстанда енді ғана қолға алынған бұл бастамалар Алматы облысында жүзеге асып жатыр.                                    

Ақшиде  теміржол вокзалы салынып, жолаушылар пойызы жүріп тұр. Күрделі жөндеуден өткен Үшарал әуежайына Алматы мен Талдықорғаннан ұшақ ұшып келеді. Инвестициялық жобалар да рет-ретімен іске асуда. Соңғы 5 жылда көл жағалауында 100-ге жуық заманауи демалыс кешені ашылды. ҚР Премьер министрі Асқар Мамин 450 орындық демалыс орнында болып, тынығушыларға жасалған жағдайды көрді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде Алакөлдің Алматы облысына тиесілі аумағына келген туристер саны 1 миллионнан асып жығылса, биыл бұл көрсеткіш оңтүстік және солтүстік жағалауды қоса алғанда 2 миллионнан асуы мүмкін. Ендеше алдағы бизнес идеялар көбейетіні анық. Мәселен, болашақта құны 4,5 млрд теңге болатын 150 орындық емдеу-сауықтыру кешені салынбақ. Алакөлдің асау толқыны жыл сайын жағалаудың жарқабақтарын опырып, Ақши мен Көктұмаға жақындай түсетін. Осылайша қос елді мекеннің көлге жақын үйлеріне қауіп төндіретін еді. Биылдан бастап, тұрғындарға ешқандай қатер жоқ. Аймақта 13 шақырымдық жағалауды бекіту жұмыстары басталмақ. Оған мемлекет қазынасынан 8,3 млрд теңге қарастырылған. Еліміздің премьер-министрі заманауи үлгіде салынатын нысан орнында болды. 2 жарым мыңнан аса адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тоспаның жоба жоспарын көрді. Сонымен қатар Асқар Мамин Алматы-Өскемен бағытындағы 355 шақырымдық автомагистраль құрылысымен танысты. Ескелді, Ақсу, Сарқан, Алакөл ауданының аумағымен өтетін жолға 127 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Шығыс бөліктегі Үшаралдан Достыққа дейінгі аралықтың 184 шақырымы да күрделі жөндеуден өтеді.

Авторы: Эльмира Ахметова

Хабар 24 телеарнасы