380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде 140 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді

  • 191
  • UPD: 21:28, 25.05.2019

Бүгін елімізде 140 мыңнан астам оқушы үшін соңғы қоңырау сыңғырлады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың 6 мыңы елордадағы мектептерді бітірді. Білім ұясынан түлеп ұшқан түлектер бүгін бала шақтан болашаққа қанат қаққалы отыр. Нұр-Сұлтан қаласында мектепті тәмамдаған оқушылардың 324-і «Алтын белгіге» үміткер болса, 352 бала қызыл аттестат алуға дәмелі. Оқуда озат оқушылардың саны бойынша елордалық №1 және физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектептері көш бастап тұр.

Дильназ Үкіметова, жас түлек:

– Бәріміз қобалжыдық. Қимастық бар. Өз сыныптастарымды қимаймын.

Биыл Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысуға республика бойынша 77 мың түлек ниет танытып отыр. Солардың 6 мыңға жуығы – Нұр-Сұлтан қаласының мектеп бітірушілері. Сондай-ақ бүгін нөмірі 70-мектеп-лицейінің оқушылары үшін де ерекше тебіреніс пен толғанысқа толы күн болды. Мектеп атты кеменің ескегін есіп, білім теңізіне саяхаттауға жолдама алған осындағы балалардың 79-ы алтын ұядан түлеп ұшты. Оның 24-і – оқу ордасындағы кадет сыныбының алғашқы түлектері.

Әсет Жұманнұр, жас түлек:

– Әскери сабақтарды оқыту арқылы біз отанды қорғауға мектеп кезінен дайынбыз деп айта аламын. Мектеп оқушыларына әскери жарыстар, спорт жарыстары, ғылыми жобалар мен өнер сайыстары арқылы оқушыларға мүмкіндік берді. Және осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, біз қалалық, халықаралық жарыстарда биіктен көрініп, жүлделі орындарға ие болдық. Мен өз лицейімді мақтан тұтамын.

Айсәуле Жақсылықова, жас түлек:

– Осы мектепке келгенде барлығы құшақ жая қарсы алды. Мұғалімдер бірден қызындай көрді. Және осы мектептің арқасында Алтын белгі үміткері болып жатырмын.

Хабар 24 телеарнасы